388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы ауыл тұрғындары әлеуметтік мәселелерге алаңдаулы

  • 474
  • UPD: 23:38, 20.05.2019

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына қарасты Шолпан ауылының тұрғындары бірнеше әлеуметтік түйткілдерге алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Елді мекен іргесінен ағатын Қарақол өзенінің бойы бейберекет қазыла бастаған, сапалы ауызсу мен жол мәселесі де халықты мазалап отыр.

Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері мен мердігерлер бұл мәселелерді бақылауға алып, дер кезінде шешеміз деп сендіреді.

Шолпан ауылын жанай ағатын Қарақол өзенінің жағалауы қазір тап осылай астаң-кестеңі шығып жатыр. Бейберекет қазылған қазан шұңқырларға су толып қалған. «Бұл көрініс тек ауылдың сәнін бұзып тұрған жоқ, мал мен жанға қауіп төндіріп отыр», – деп шырылдайды тұрғындар.

Амантай Өтеулина, Шолпан ауылының тұрғыны:

- 4-5 жыл болды, маңайымыздағы ауылдарда мектеп салынса, қандай да бір Мәдениет үйі салынса, Шолпан ауылы іргесіндегі өзеннің бойын жұлмалап, 10-15 шақты КамАЗ келіп алып кетеді. Жанымызға батқаны, өзеннің екі жағын бұзып, ауылдың тұсынан мал өте алмайды, бала-шаға бар. 40 құдық емес, 100 құдық болды. Әрбір құдыққа су толса бала кетеді. Табиғат ресурстары басқармасынан сұрап білсем, ешкімнің рұқсатсыз тиісуге құқығы жоқ екен.

Аудандағы жауапты басшылар бұл шұңқырлар не үшін, қандай көлемде қазылғанын нақты айта алмады. Алайда жағалау толық тегістеледі деп уәде беріп отыр.

Болат Торсықбаев, Үржар аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Өзеннің жанындағы шұңқырлардың бәрін көрдік. Оның бәрі жабылады. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын бар, соның техникаларын жұмылдырамыз, ауылдағы шаруа қожалықтары бар, солардың көмегімен бәрін жұмылдырып, екі жұма ішінде тегістеуге тырысамыз.

Осыдан бір жарым жыл бұрын ауылдағы 30-дан астам бала сары ауру жұқтырып, бір оқушы көз жұмған еді. Осыған байланысты республикалық комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайын жан-жақты зерттеген болатын. Ауылға сапалы ауызсу мәселесі де сол кезде қозғалған еді.

1300-ден астам халқы бар ауылға су құбырын тарту жұмыстары былтыр қола алына бастаған. Ол үшін республикалық бюджеттен 425 миллион теңге бөлініп, мердігер мекеме өткен күзде 150 миллион қаражатты игеріпті. Алайда тұрғындар биыл сәуір айында жалғасуы тиіс жұмыстардың әлі кешеуілдеп жатқанына алаңдаулы.

Айтберген Майланов, Шолпан ауылының тұрғыны:

- Экскаватор құралдар әкелгенде қуанышымыз жерге сыймай тұрған. Ол экскаваторды қайта тиеп әкетті. Енді ақшасы бөлінді дейді. Келешек ұрпақ таза су ішіп, дені сау азамат болса. Биыл жасамаса, тағы қалып қала ма деп қорқып отырмыз.

Дәурен Әбдікенов, мердігер мекеме өкілі:

- Қар суының жерге сіңіп кеткен кезде, белгіленген мөлшерден су мөлшері асып тұрғандықтан, 15-20 күнге жұмысты баяулаттық. Міне, осы мамыр айында күн ысуына байланысты су қазір төмендеді. 3-5 күнде толықтай жұмысқа кірісеміз. Берілген уақыт қараша айы, біз өз қызметімізді жылдам атқарып, тамыз айында, Құдай қаласа, толықтай бітіреміз деп мақсат қойып отырмыз.

Ауыл тұрғындары республикалық тас жолға дейінгі 3 шақырым жол мен көпір жөнделіп, Мәдениет үйі салынса деген тілектерін де айтып қалды. «Бұл мәселелер болашақта рет-ретімен шешімін табады», – дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы