383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында 100-ге жуық сиырдың неден арам қатқаны анықталмай жатыр

  • 192
  • UPD: 23:38, 20.05.2019

Атырау қаласына қарасты Қайыршақты ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарынан тағы да жұқпалы ауру шықты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Соколок каналы бойындағы бір шаруашылық 90 бас малын жоғалтып отыр. Жалпы, Зеңгі баба төліне келген кеселден жүздеген бас мал шығын болды. Бүгінде мамандар жұқпалы дерттің тарап кетпеуі үшін тиісті шараларды қолға алып жатыр.

Шаруа қожалығының жетекшісі Ирина Долголовецтің жұмыс күні бұзау қорадан басталады. Мұндағы 30-ға тарта төлдің тең жарымы жетім қалған. Өткен жылдан бері белең алған белгісіз дерттен 90 сиыр шығын болыпты. Өкініштісі сол, мал дәрігерлері әлі күнге белгісіз дертке қарсы еш шара қолданбапты. Тіпті, осынша сиырдың неден өлгенін анықтауға 9 ай уақыт кеткен.

Ирина Долголовец, шаруа қожалығының басшысы:

- Тек сәуір айында нақты диагноз қойылды. Шығын болған 90 бастың көбі аналық сиырлар еді. Қазір мал өлімі тоқтады. Бірақ маған 18 миллион теңге шамасында шығын келді. Шаруашылығым асылтұқымды болмағандықтан, ешқандай өтемақы ала алмай отырмын.

Өткен тамыз айынан бері жалғасқан мал ауруынан зардап шеккендер тек бір шаруашылық емес. Жайықтан жайылымға тартылған Соколок каналы бойындағы 7 қожалықтың барлығында да айтарлықтай шығын бар.

Әлмұрат Омаров, фермер:

- Сиыр құлайды. Екі артын көтере алмайды. Не ауру екені белгісіз. Дәрігерлер екпе салып қарап, «мынадай-мынадай дәрі бересің» деп айтып кетеді. Сол дәрілерді береміз. Бірақ бәрібір өледі.

Шаруалардың дабылынан кейін мал дәрігерлері кешенді жұмыс бастапты. Бүгінде ауру шыққан қыстақ маңындағы топырақтан, су мен шөптен сынама алынып, зертханаларға жіберілді. Әзірге анық болғаны, сиырлар жұқпалы диарея ауруына шалдыққан. Қазір ветеринарлар аурудың тарап кетпеуі үшін тиісті шаралар қолға ала бастады.

Роман  Махметов, қалалық ветеринария бөлімінің бас маманы:

- Олардың жұмысы – мал ұстайтын шаруашылықтың қора-жайын дизенфикциялау. Малды іріктеп, вакцинациялау. Диарея жердің құнарсыздығынан, шөп-жемнің аздығынан, судан болады. Ол жұқпалы ауруға жатпайды.

Мал дәрігерлерінің ұйғарымымен осы қыстақта уақытша шектеу жарияланды. Сондай-ақ шектеу осы каналдың бойында орналасқан 7 шаруашылыққа да қатысты. Яғни осы уақыт ішінде мал өнімдерін сатуға және мал басын ауыстыруға тыйым салып отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы