389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дәурен Абаев жастармен бірге Тобыл өзені жағалауын тазалады

  • 574
  • UPD: 23:36, 20.05.2019

Қостанайда Қазақстан-Ресей жастарының екі күндік форумы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алқалы жиынға қос елдің үкімет мүшелері мен қоғамдық ұйым белсенділері қатысуда. Күн тәртібіндегі басты тақырып – еріктілер қозғалысындағы жастардың рөлі және оны дамыту жолдары.

Қазақстан-Ресей жастар форумы Қостанайда осымен алтыншы рет өткізіліп отыр. Бұрынғыларға қарағанда биылғы жиын ауқымдырақ. Мыңға тарта адам келген.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

- Қостанай облысында жастар саны 170 мыңнан астам. Олардың әлеуеті шексіз. Және ол қуатты Қазақстанды құруға бағытталары сөзсіз. Бүгінгі Қазақстан-Ресей жастарының форумы ынтымақтастық бағытында жаңа даму мүмкіндіктеріне жол ашатындығына сенімім мол. Мемлекеттік жастар саясатында маңызды мәселелерді шешудің тиімді жолдарын табуға ықпал етері анық.

«Волонтерлық – әлемдік тренд». Осындай тақырыпта өткен  пленарлық талқылауда сөз сөйлегендер азаматтық қоғамды қалыптастырудағы еріктілер қозғалысының рөлі туралы ойларын ортаға салды. Қазір Қазақстанда 222 еріктілер ұйымы бар. Оларда 50 мың адам қамтылған. Басым бөлігі жастар. 

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Бұрыннан қалыптасқан мемлекеттің жастармен жұмыс істеу тәсілі қазір жарамсыз екендігін жақсы түсінеміз. Тиімділігі де мардымсыз. Сондықтан осы Жастар жылындағы алдағы мақсаттардың бірі, балабақшадан бастап, университеттерде, жастар ұйымдарында жас буын өкілдерін қоғамдық іске тартатын институттардың жұмыс қағидаттарын өзгертіп, жақсартуымыз қажет. 

Форум барысында медицина, экология, әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін еріктілер жеке секцияларға бөлініп, пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ресейлік делегация мүшелері Қазақстанның бұл бағытта біршама алға басқанын атап өтті.

Андрей Платонов, РФ жастар ісі жөніндегі федералдық агенттік басшысының орынбасары:

- Ресейден біршама делегация келді. Әрине, өз қызметінде олардың жинаған, бөлісер тәжірибесі аз емес. Алайда қазақстандық еріктілердің жұмыс форматы бізді қызықтырады. Менің білуімше, әсіресе сіздерде стартаптардың жобасы жоғары бағаланады.

Бүгін осы форум аясында сондай-ақ экологиялық акция ұйымдастырылды. Жиынға қатысушылардың барлығы бір кісідей Тобыл өзені жағалауын тазалауға шықты. Бұл шараға ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Ресейдің жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігінің өкілдері қатысты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы