383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған үйдің шатырынан су кетті

  • 229
  • UPD: 23:46, 20.05.2019

«Нұрсәт» тұрғын үй алабында болған жағдайды тұрғындар әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл баспаналар ипотекалық компания арқылы сатып алу құқығымен көп жылға жалға берілген. Ал баспананы салған мердігер мекеме тұрғын үйдің кепілдік мерзімі әлдеқашан аяқталған деп шаң жуытар емес.

Мына көрініс нөсер жауын жауған күні «Нұрсәт» тұрғын үй алабындағы пәтерлердің бірінде болған. Үй иесі Динара Шопанованың айтуынша, екі кештің арасында үйдің ішіне шатырдан су аға бастаған. «Бастапқыда абдырап қалдым», – дейді көп балалы ана. Жаңбыр суы үш бөлмемен қоса ас үйге де өтіп, жиһаздың барлығы малмандай су болыпты. Барар жері болмаған соң, жауын басылғанша бала-шағасымен көшеде жүруіне тура келген. 

Динара Шопанова, қала тұрғыны:

- Тоқтың түбінен ақты. Үйде 4 бала-шағам бар. Олармен қайда барарымды білмей қалдық, үйдің бәрі суға толды. ПИК-тен шақырдым, біреуі келген жоқ. Көктемде қар еріген кезде де су аққан. Бұлай ақпаған, жібіп, қабырғалардың арасынан аққан-тұғын. 

«Мұндай азапты осы үйге 2016 жылы көшіп келгеннен бері көріп келе жатырмын», – дейді Динараның көршісі Гүлзира Мұсабекова. Пәтерге кіреберіс дәліздің төбесі жаңбыр суынан тесіліп кеткен. Ас үйдегі қабырға арасы су өткеннен жарылып, түсқағазы да түсуге айналған. Ал терезесі қатты жел тұрса ұшып кеткелі тұр. 20 жылға несиеге алған баспана осылайша айналасы 2-3 жылда сыр берген. 

Гүлзира Мұсабекова, қала тұрғыны:

- Енді сіздің үстіңізден ешқандай су ақпайды деген. Міне, қатты жаңбыр келіп еді, кеше төбемізден 69-70 пәтерде су ағып, қиналып жатырмыз. 4 жылдан бері жаңбыр жауған сайын су ағады.

Қазақта «Суға кеткен тал қармайды» деген.Әзірге пәтерін су басқан қарапайым халыққа қара бөшкелер ғана қорған болып тұр. Ал тұрғын үйге жауапты мамандар суағардағы салғырттықтың себебін анықтағанша, жаңбырдан толған бөшкенің суын тұрғындар шелектеп тасуға мәжбүр.

Шатырдан сорғалаған жаңбыр суы дәл осы тұстан ағатын болған соң, бөшкелерді тұрғындар осында өздері қойған. «Ал нөсер қатты құйғанда үлкен көлемдегі ыдыстың көмегі шамалы», – дейді олар. Себебі ғимараттың төбесі сапасыз жабылған.

Тұрғындар шу көтерген соң, қолжетімді баспаналарды халыққа сатып алу құқығымен жалға берген ипотекалық компанияның өкілі де осы жерден табылды. Аралап көрді, мән-жайды білді. «Бірақ үйдің сапасын бізден емес, құрылысты жүргізген мердігер мекемеден біліңіздер» дегенді айтты. Сондай-ақ ипотекалық компания бұл көпқабатты үйлерге қызмет көрсету үшін Пәтер иелерінің кооперативіне тапсырылғанын жеткізді.

Мүсілім Ибадуллаев, ипотекалық компанияның өкілі:

- Тапсырылған соң біз техникалық қызмет көрсету жұмыстарын «Қызметкер» ПИК-іне өткізгенбіз. Жоғарыдан су кетсе, оның барлығына техникалық компания жауап береді. Үйді салған мердігер компаниямен келісімсөз жүргізіп, олар 19 мамырда келіп су аққан жерлерді көріп, бір шешім қабылдаймыз деп уәде беріп кетті.

Әлиакбар Сыдықов, Пәтер иелері кооперативінің өкілі:

- ПИК-тің белгіленген шекарасы бар. Ол шатыр істемейді. Шатырды істеуі мүмкін, тұрғындар тапсырыс берсе, материалды алып берсе ғана.

Әділдік іздеген халық көпқабатты үйді тұрғызған мердігер мекеменің есігін қақты. Мұндағылар үй тұрғындарға берілген екі жылдан соң кепілдік мерзімі аяқталғанын айтып отыр.

Садулла Қалыбеков, мердігер мекеменің бас директоры:

- Негізі бұл ПИК-тің балансында. Менің қатысым жоқ. Бірақ демеуші ретінде көмек беремін.

Барар жер, басар тауы қалмаған жұртқа әзірге жергілікті билік те назар аудармай отыр. Сол себепті олардың әліптің артын бағудан басқа амалдары жоқ.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы