389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оқушылардың жазғы демалысын қалай ұйымдастыру керек?

  • 1386
  • UPD: 10:16, 21.05.2019

Санаулы күндерден кейін мектеп оқушылары жазғы демалысқа шығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Демалыс маусымын қалай өткізген дұрыс, арнайы лагерьлер қалай ұйымдастырылады деп келетін сауал ата-аналарды алаңдататыны анық. Елордада лагерьлер маусымын мейлінше қызықты әрі тиімді ету мақсатында біраз жұмыс жүрген сияқты.

Биыл елорда бойынша жазғы демалыспен 145 мың баланы қамту жоспарланған. Бұл – мектеп оқушылардың шамамен 97 проценті. Жеткіншектердің дені демалысты мектепішілік лагерьлер мен оқушылар сарайында өткізбекші. Мамандардың айтуынша, бұл – ең тиімді ұсыныс. Ата-аналарға тек ыстық тамақ үшін төлесе болғаны.

Жазира Асанова, қалалық білім басқармасының өкілі:

– Егер отбасы кейбір себептерге байланысты ақылы жазғы лагерьге бере алмай жатса, онда мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Ол үшін ата-ана өтініш қалдыру керек. Мектепке келіп өтінішін қалдырса, ол жерде міндетті түрде комиссия қарастырып шешім қабылдайды. Егер оң шешім қабылдаса, сонда сол балаларға демалыс тегін ұйымдастырылады.

Десек те, ата-аналар мен балаларды қала сыртындағы лагерьлер аса қызықтырады. Мұнда таңдау көп болғанымен, сәйкесінше баға да әр алуан. Жазғы демалыс орындарының орташа бағасы – 15 мыңнан 30 мың теңге аралығында. Әрине бұдан да қымбаттырағын табуға болады. Бәрі ата-ананың жағдайына байланысты.

Болжам бойынша жазғы лагерьлерге 4 мыңдай елордалық оқушы аттанбақ. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға жолдама тегін беріледі. Олардан өтініш қабылдау науқаны басталып та кетті. Ал соңғы жылдары тақырыптық балалар лагерьлеріне деген сұраныс артқан. Мәселен, шатырлар мен киіз үйлерде тұрып, уақытты көңілді өткізу мүмкіндігі бар.

Ильдар Қатенов, Қазақстанның скауттық қозғалысы ұйымының президенті:

– Біз балалар үшін белсенді демалыс түрін ұсынамыз. Қандай іске бейім екенін ашып береміз. Балалармен шетелдік 10-ға жуық скаут-нұсқаушы жұмыс істейді. Түрлі квест ойындар, тіл үйретуге бағытталған қызықты сабақтар өткізіледі.

Айта кету керек, елордада былтырдан бері жазғы лагерьлер жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Осылайша ата-аналар ұнатқан демалыс орындарын таңдай алады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы