384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық инспекторлардың қызметтік ғимараты 20 жыл бойы жөндеу көрмеген

  • 153
  • UPD: 10:17, 21.05.2019

Маңғыстау облыстық жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері көктем басталғалы үш айда Каспий теңізіне 100 рейд жүргізген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде браконьерлерден 1 тоннадан астам бекіре балығы, моторлы қайық және балық аулауға тыйым салынған 12 құрал тәркіленді.

Заңсыз балық аулаушылармен күрес күн сайын таң атысымен басталады. Бүгінгі рейдке Каспий теңізінің солтүстігінде орналасқан «Бозашы» бөлімінің инспекторларымен бірге шықтық. Бір қайыққа мінген үш маман жағадан 50 шақырымға дейінгі аумақты жіті шолып шығады.

Суға батқан кемелер жатқан аумақ – браконьерлердің жиі келетін жері. Инспекторлар бұл маңнан су бетінде қалқыған пластикалық құтыларды байқап қалды. Тексере келе, оларға байланған мың метрдей аудың құрылғанын анықтады. Абырой болғанда, қаскөйлердің құрығына балық түспеген. Әрмен қарай қайраңдап қалған алып кемеге тінту жүргізілді.

Сәлден соң қарсы алдымыздан браконьерлердің қайығы шықты. Бізді де заң бұзушылар деп ойласа керек, жақындап қалған инспекторларды көріп, қаша жөнелді. Оларды тоқтату үшін инспекторлардың қару қолдануына тура келді.

Бір моторлы қайықпен жүрген инспекторлар заңсыз балық аулаушыларды қолға түсіре алмады. Олардың қуатты құрылғылармен жарақталған қайығы жеткізбей кетті. «Бозашы» бөлімінің қызметкерлері Атырау облысының шекарасынан Сартас портына дейінгі 750 шақырым жағалауды бақылайды. Алып аумақты жіті қадағалауға қажетті қайықтар мен арнайы құрал-жабдықтар жеткіліксіз. Ал инспекторлардың қызметтік ғимаратының жағдайы тіпті мүшкіл. 20 жыл бойы жөндеу көрмеген.

Ғаббас Досатов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

– Біз енді бұл ғимаратты жөндеу жөнінде жоғары органдарға бірнеше ұсыныспен шықтық. Күні бүгінге дейін қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты бұл мәселе әлі шешілмей жатыр. Бұл – инспекторлардың жататын жері, тұратын жері, рейдтік шаралардан кейін осында келіп демалады. Қазір инспекторлар қолдан келгенше жөндеу жүргізіп, қызметтерін жасап, тұрып жатыр.

Материалдық қиындықтарға қарамастан, инспекция мамандары биыл көктемде ауқымды жұмыс атқарды. Үш айда 100-ге жуық рейд жүргізіп, 20 заң бұзған азаматтарды ұстаған. 143 келі бекірені құтқарып, суға жіберген. Нәтижесінде 36 миллион теңге болатын шығынның алдын алды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы