380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жазғы демалысты балалар қайда өткізеді?

  • 314
  • UPD: 12:21, 21.05.2019
Жазғы демалысты балалар қайда өткізеді?

Жазғы демалыста елдегі балалардың 71% уақыттарын түрлі сауықтыру орталықтары мен лагерьлерде өткізетін болады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Елорда инфо.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың сөзінше, жазғы демалыста елдегі 960 мың бала құрылыс жасақтарына, орман және көгалдандыру жұмыстарына тартылады. Бұдан бөлек оқушылардың 61% түрлі үйірмелер мен спорт клубтары қабылдайтын болады. Онда олимпиадалық резервтер мен тіл мектептері, белсенділер мен көшбасшылардың жазғы үйірмелері ұйымдастырылады. Аула клубтарының жұмысы да жаңғыртылады.

«Жазғы демалысты ұйымдастыруға қосымша демеушілер ресурсы да тартылады. Былтыр ауылшаруашылық, мұнай, газ, тау-кен, энергетика салаларындағы компаниялар мен жеке кәсіпкерлер осы шараға ат салысып, 504 млн теңгеге 4324 баланың демалысын ұйымдастыруға қолдау көрсетті. Биыл да бұл шара өзінің жалғасын табады деп ойлаймыз. Тарихи, танымдық, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жұмыстары да жүргізіледі. Миллионға тарта бала «Қазақстан – мейірімділік мекені», «Табиғатты аялайық», «Жол қозғалысындағы инспектор», «Жұлдызай» атты тәрбиелік-танымдық шараларға қатысады», – деді Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.

Оның айтуынша, биыл өткен жылмен салыстырғанда Нұр-Сұлтан қаласы және Түркістан облысында жазғы лагерьлер саны мен оқушылардың жазғы демалыспен қамтылу жоспары біршама төмен. Осыған орай әкімдіктер қосымша қаржы қарастыруды көздеп отырған көрінеді.

«Негізінен балалар жазғы демалысын өздерінің үйреншікті орындарында өткізеді. Тұрғылықты жерінен сыртқа шығатын балалар 40 пайызды құрайды. Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, жылына 300 мың адамды қабылдайтын 145 курорттық ұйым, 500-ден аса туристік база жұмыс істейді. Біз мемлекет тарапынан балалардың демалысын ұйымдастыруды ынталандыратын болсақ, ескі лагерьлерді қалпына келтіру арқылы болашақта олардың санын 236 мыңға дейін жеткізуге болады. Осыған байланысты біз қаржылай қолдау әдіснамасын даярлап, болашақта ұсыныс енгізіп, келер жылы көбейтсек деген жоспарымыз бар», – деді Білім және ғылым министрі. «Джонс Хобкинс университетінде жылына 10 мыңнан аса жоғары сынып оқушылары жазғы демалыстарын өткізеді. Жүздеген тақырыпты зерделеп, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Осы лагерьден өткендердің ішінде ондаған «Нобель» лауреаттары шыққан. Соңғы жылдары Назарбаев университеті мен КБТУ жазғы мектептерді ұйымдастырып жүр. Еліміздегі өзге де жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептерді ашу балаларды демалыспен қамтумен қатар, олардың біліктілік деңгейін жоғарылатар еді. Биылдың өзінде қосымша 9 университет жазғы мектеп ұйымдастыруды жоспарлап отыр».

Ішкі істер министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірнеше жылдан бері балаларды жүзуге үйретуді қолға алған. Алайда судағы қауіпсіздікті сақтау мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Осы оқыс жағдайларды алдын алу мақсатында мониторинг жасалып, бала қауіпсіздігін қамту үшін тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефондары мен арнайы чаттар құрылған. Сондай-ақ Күләш Шәмшидинова жазғы лагерьлерде және сауықтыру орталықтарында балаларды тамақтандыруда санитарлық-эпидемиялық бақылау да аса маңызды шаралардың бірі екенін атап өтті.

Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жазғы демалыста балаларды мәдени демалыс орындарына, «Рухани жаңғыру» аясында ұлы тұлғалардың ізімен Қазақстанның киелі мекендеріне экскурсия жасау, бұқаралық спортпен қамту, әр өңірдегі балаларға «Керей мен Жәнібек хандар», «Күлтегін» сынды басқа да тарихи-анимациялық фильмдерді көрсету сияқты және басқа да жұмыстардың жүргізілетінін жеткізді.

Өз кезегінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевалдағы соңғы қоңырау, ҰБТ, бітіру кештері кезінде қауіпсіздік пен өрт қауіпсіздігі үнемі назарда болатынын тілге тиек етті.

Үкімет басшысы Асқар Мамин балалардың жазғы демалысын қызықты әрі қауіпсіз өткізуде Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға тиісті жол картасын әзірлеуді, жергілікті әкімдіктерге кәсіпкерлер мен меценаттарды да жұмылдыруды, Премьер-минисрдің бірінші орынбасары Гүлшара Әбдіхалықоваға осы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Хабар 24 телеарнасы