383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан бойынша 2 млн 800 мыңнан астам оқушы сауықтырумен қамтылады

  • 174
  • UPD: 14:04, 21.05.2019

Биылғы каникулда еліміз бойынша 2 млн 800 мыңнан астам мектеп оқушысы сауықтыру және демалумен қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балалардың бос уақытын тиімді өткізуге 12 960 лагерь мен алаң қамтамасыз етпек. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова хабарлады. Балаларды сауықтыру бағытында қала сыртындағы 236 лагерь жұмысын бастайды. Олардың басым бөлігі – мемлекеттік. Сонымен қатар жазғы каникул кезінде жаңадан ашылған 10 стационарлы лагерь алғашқы демалушыларын қабылдамақ. Жеткіншектердің бос уақытын көңілді өткізуге 1400-ден астам аула клубы мен еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері атсалыспақ. Сала мамандарының айтуынша, университеттер мен институттардың жанынан жазғы академиялық мектептер ашылады. Айта кетерлігі, ата-аналар қауымы лагерьлер туралы ақпараттармен салалық министрлік жанындағы балалар құқықтарын қорғау комитетінің ресми сайтынан таныса алады. Жалпы еліміз бойынша баланың 10 күндік демалысының бағасы 10 мың теңгеден басталады.

Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

– Әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балалары жазғы сауықтыру және демалумен тегін қамтамасыз етіледі. Олардың қатарында ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім, ерекше қажеттіліктері бар оқушылар бар. Оқуды жетістіктерге жеткен балалар да назардан тыс қалмайды. Биылғы жылы ұлттық білім беру базаларында жазғы каникулда сауықтырумен қамтылатын балалар туралы мағлұматтар жинақталып, көрініс таппақ.

Хабар 24 телеарнасы