383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аягөздіктер қасиетті айда игі амалдарын көбейтті

  • 207
  • UPD: 22:59, 21.05.2019

Қозы мен Баян елінде биыл 30-дан астам дүкен иесі Ораза кезінде ішімдік сатудан бас тартса, қолда бары жоқ-жітікке қарайласып жатыр.

Өз қаржыларына бүтін бір спорт алаңын салып жатқан азаматтардың да бастамасы сауапты іс. 

Аягөздік Ерболат Құрманғожановтың кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқанына 20 жылдан асқан.Қалада екі ірі сауда орталығы бар. Ауданның имамдары Рамазан айының алдында ізгілікке шақырып, осында бас сұққанда ойланбастан қолдау білдіргенін айтады.

Ерболат Құрманғожанов, кәсіпкер:

- Өзіміз жеке кәсіпкер болған соң бізге ешкім тыйым салатын ештеңе жоқ. Өзіміз жақсы құптап, Аягөз ежелден-ақ қазақы жер. Осыны құптап, арақ-шарап сатуды доғарып, осылай жақсы бір бастама болды. Ойлаймын, бұл бастаманы Қазақстанның басқа да жерлері, басқа да үлкен кәсіпкерлер де соны қолдайды деп.

 Ерболат сияқты Аягөз қаласындағы 30-дан астам дүкен иелері игі шараға өз еріктерімен қолдау білдірген. Қазір сөредегі арақ-шараптың орнында «Ораза қабыл болсын!» деген ізгі тілектер ілініп тұр. Аягөздік спортшы жігіттер де қайырымдылық шарасынан сырт қалған жоқ. Олар күш біріктіріп, жастарға арналған спорт кешенін салып жатыр. Болашақта бұл жерде волейбол және шағын футбол ойнайтын алаң болады.

Думан Сайфуллин, аягөз қалалық мешітінің бас имамы:

- Халық имандылыққа бұрылып, рухани дамып жататын болса, Рухани жаңғырудың бір мәнін осыдан түсінуге болады. Аягөз - тарихқа өте бай, ақындар мен абыздар елі. Сонау Байғара, Ақтайлақ би заманында біздің бабаларымыз Түркістаннан қожаларды әкеліп имандылық нұрын жайғандығын баршамыз жақсы білеміз. Жалпы сол текті атаның ұрпақтары қазіргі кезде сол ата-бабалар ізімен осындай бастауды қолға алып қолдап жатуы да арғы жағы тектілік, имандылықтары деп білеміз.

Ақтамберді көшесінде қайырымдылық дүкені ашылды. Онда көпбалалы, мұқтаж отбасыларға киім-кешек тегін таратылады. Ал ізгілік қадамдары мұнымен тоқтамайды. Аягөздік иманды жандар тамыз айында Құрбан айт кезінде 300-дей оқушыны мектеп формасы, оқу құралдарымен қамтуды көздеп отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы