380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы шаруалар жеңілдетілген несиенің арқасында мал басын арттыруда

  • 141
  • UPD: 07:58, 22.05.2019

Шығыс Қазақстан облысында мал басын өсіріп, шаруашылығын дөңгелетіп жатқандар қатары артып келеді.

Май шайқап, ірімшік қайнатып отырған отбасылар көп-көрім кіріс көріп, тұрмысын жақсартып жатыр. «Бұған мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан шағын несиенің демеуі мол», – дейді ауылдықтар. Мәселен, Алтай ауданындағы Месиновтар жанұясы осындай қолдаудың арқасында кәсіптерін дамытып отыр.

Феклистовка ауылындағы Месиновтар отбасы осындағы көпшілікке үлгі. Мал өсіруге ниет еткен отағасы бастапқы жылдары мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алған екен. Соның арқасында қорадағы қарасы көбейіп, ырысы молайды. Бүгінде өз күшімен шаруасын дөңгелетіп келеді.

Мұхтар Месинов, ауыл тұрғыны:

- Қазір 50 га жер алдым, шабындық берді. Енді бір 10 га жыртуға жер берсе, жоңышқа ексем деген ойдамын. Отын болсын, көмір болсын, шөп болсын, жем болсын, алдын ала бәрін дайындаймын.

Қазір 15 сауынды сиырдан сүт алынып отыр. Оның барлығы өңделіп, сары май, ірімшік, кілегейге айналады. Айтуларынша, өнімдері тез өтіп кетеді.

Гүлбаршын Месинова, ауыл тұрғыны:

- Таза өзіміздің суымыз, шөп құнарлы, сұраныс көп, алдын ала тапсырыс береді, кейде үлгермей қаламын.

Отағасы жылқы өрісте дейді. Одан өзге ұсақ мал да жоқ емес. Тіпті тауық өсіріп, табиғи таза жұмыртқа ғана пайдаланады.

«Ауылда Месиновтер сияқты ерінбей еңбекке талпынушылар көп», – дейді өңір басшылары. Шағын несие алуға түскен ұсыныстар осыған дәлел.

Раушан Мұсабалинова, Северный ауылдық округінің әкімі:

- Өткен жылы 9 миллион теңгеге шағын несие алынса, биыл бұл көрсеткіш 11 миллион теңгені көрсетіп тұр. Мал шаруашылығын дамытуға деген тұрғындардың ықыласы зор.

Құлшынысы бар азаматтарға мемлекет тарапынан қарастырылған қолдау да бар. Аймақта биыл шағын несиелеу бағытына 4 миллард теңге бөлінбек, соның 3,5 миллард теңгесі дәл осы ауылдық елді мекендерге арналып отыр. Осылайша жалпы 900 адамды қаржыландыру көзделген.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Руслан Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы