383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісулық аяқ киім шебері отандық өнімді шетелге шығаруды көздейді

  • 122
  • UPD: 07:59, 22.05.2019

10 мың шебер дайындап, Қазақстан халқын отандық аяқ киіммен қамту.

Алматы облысында тұратын Төлепхан Шора есімді азамат өзіне осындай мақсат қойып отыр. Соған жету үшін ол шәкірттерді тегін дайындап, жылдың барлық мезгіліне қажет отандық өнім шығарып келеді.

Төлепхан Шора кәсібін 50 жұп аяқ киім тігуден бастаған. Содан бері тынымсыз еңбек етіп, ісін ілгерілетіп келеді. Жеңіл өнеркәсіпті жолға қойған ол қазір жылына 4 мың жұп отандық өнім шығарып отыр.  

Төлепхан Шора, кәсіпкер:

- Былтыр күзгіні айтсам, 8 тонна тауар былғары мен табан алдым. Ішкі қой терісін Текеліден алдық.

Аяқ киім шебері бар білгенін жастарға үйретіп, оларды да осы кәсіпке баулып жүр. Өз ісін ашқалы 100-ден аса шәкіртті тегін тәрбиеледі. Олар еліміздің 4 облысында және жақын аудан, қалаларда еңбек етіп жүр. Көбісі тапсырыспен жұмыс істейді.  

Бағдат Сатыпалды, аяқ киім шебері: 

- Қазір істегеніме 3 жыл болды. 100-200 мың теңге көлемінде таза табыс. Өзіңіз сурет алып келсеңіз, тура сондай қылып арзан бағада тігіп беремін.

Шеберханада жылдың төрт мезгіліне қажетті аяқ киімнің барлық түрі тігіледі. Оның сапасына Төлепхан Шораның өзі кепілдік береді. Үш айға дейін табаны, бір жылға дейін былғарысы жыртылса, қолыңызға жаңасын ұстатады. Тұтынушылармен өзара сенімділік негізінде байланыс орнатқан кәсікердің арманы асқақ, мақсаты айқын. 

Төлепхан Шора, кәсіпкер:

- Қытайдың өзінен аяқ киімге 18 млрд теңге жұмсалады. Сол қаржы қазақтың жан қалтасына түссе. Болашақта Қазақстанда үлкен цех ашқым келеді. Шет елге шығару жайлы мақсат бар. 

Кәсіпкер етіктен қалған теріні де кәдеге жарата бастады. Былғары қиындыларынан доп тігу ісін қолға алды. Осылайша өндірісін әртараптандырып, жаңа саланы жандандырмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы