389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде мың адам қайта даярлау курсынан өтеді

  • 345
  • UPD: 08:00, 22.05.2019

Ақтөбеде 275 азамат қайта даярлықтан өтіп, қосымша мамандық меңгеріп жатыр.

Бұл – нәтижелі еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлік дамыту бағдарламасы аясындағы шара. Оқуын аяқтап, тұрақты жұмыс тапқандар көпке үлгі көрсетіп отыр. Алайда кадр тапшылығы сезіліп отырған салалар да бар.

Осыдан бір жыл бұрын ғана мектепте сабақ берген Динара Мұқанбетжан тігінші боламын деп мүлде ойлаған емес. Білім ұясындағы кесте сағатының аздығы жас маманға басқа саланы таңдауға түрткі болған. Сөйтіп мемлекеттік бағдарлама аясында қайта даярлықтан өтіп, жаңа кәсіп түрін меңгерді. Үш ай ішінде тігіншілікті үйренген ол қазір тұтынушылардың алғысына ие. Қолынан шыққан киім-кишектеріне сұраныс жоғары.

Динара Мұқанбетжан, қала тұрғыны:

- 1-2 күн бұрын осы үш айлық курсты тәмамдадым. Алғашқы 1,5 айы теориялық негізде өтті. Кейін осы атальеде тәжірибеден өттім. Қазіргі таңда осы жерге тұрақты жұмысқа қабылдандым. Жұмысым өзіме ұнайды. Осы жердегі мамандардан да үйрендім.

Динара секілді қайта оқып, кәсіби тұрғыдан шыңдалған 12 адам қазір түрлі салаларда жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, жүздеген ақтөбелік еңбек нарығындағы сұранысқа сай тігін, автоэлектрик, электрогаздәнекерлеуші, шаштараз және өзге де мамандықты меңгерген. Жалпы, жыл соңына дейін қаладағы оқу орталықтары мың азаматты қабылдайтын болады. «Бұл есепте тұрған жұмыссыздар санын қысқартуға септігін тигізеді», – дейді мамандар. Әрі жеке іспен айналысам деген бағдарлама қатысушыларына да қолдау болады.

Гүлшат Қаңтарбаева, қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы:

- Қала тұрғындары өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жағдайда, қазір еңбеккер тапшы мамандық, соны оқып, жұмысқа тұруға болады. Оқып бітіргеннен кейін бізде гранттар қарастырылған. Сертификат алғаннан кейін комиссия арқылы өз жобасын қорғап, 500 мың гранттың біріне иелік ете алады.

Бүгінде қала бойынша мың жарым адам жұмыссыздар санатында. Оларға қатысты іс-шара тұрақты жүргізіліп келеді. Алайда білім, медицина және маусымдық жұмыс құрылыста қажетті кадрлар тапшылығы сезіліп отыр. Бұл жұмыс берушілер мен мамандар арасындағы келіссөздерге байланысты екен. Ал көпшілік бос орындар жәрмеңкесінде жұмыс табатын көрінеді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы