378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық студенттер Германияда оқу мен жұмысты қатар алып жүрудің сырымен бөлісті

  • 178
  • UPD: 10:53, 22.05.2019

Германияда 3 миллионға жуық студент білім алып жүр.

Олардың үштен екісі жоғары оқу орындарында оқиды. Жастар өз мамандығы бойынша жұмысты университет қабырғасында жүріп іздей бастайды. Мысалы, бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, арнайы сайттарға тіркеліп немесе өздігінен жұмыс қарастырады.

Германияда жұмыс табудың ең танымал түрі – интернет арқылы іздеу. Көптеген сайттардан бөлек әр университеттің  бос жұмыс орындар бойынша өзінің порталы бар. Қазақстаннан келген Іңкәр Бекіш осылайша жұмыс тапты. Отандасымыздың айтуынша, мамандық бойынша жұмысқа орналасу үшін еш қиындық туған жоқ. Енді аптасына 16 сағат еңбек етіп жүрген ол оқуы мен жұмысын қатар алып жүреді.

Іңкәр Бекіш, студент:

- Жұмысқа орналасар алдында осы салада тәжірибе алмасып, жұмыс істегенімді дәлелдей алатын боламын. Университет порталына күніне 10-20 хабарландыру түседі. Онда жұмыс іздегенде тиісті саланы, қалаған жұмыс уақыты мен орынды да таңдай аласыз.

Бос орындар жәрмеңкесінде де жұмыстың түр-түрін табуға болады. Алайда өздігінен іздеп тапқанды қалайтын жастар да бар. Қазақстандық Расул Рахим дәл солардың қатарында.

Берлиндегі техникалық университеттің студенті  компанияларға өтініш жібере отырып ІТ саласындағы шағын фирмаға жұмысқа тұрды.

Расул Рахим, Берлин техникалық университетінің студенті:

- 30-40-қа жуық өтініш жібергенмін. Менің достарым одан да көп жіберген. Қазір бағдарламалық қамтуды өндіруші әрі оқып жүрген студент ретінде жұмыс істеп жүрмін. Әрине, лайықты жұмыс табу үшін әр адам өзі ізденуі тиіс. Жәрмеңкелерге қатысқан да жақсы ғой, бірақ олар жиі өте бермейді. Университет жұмыс орындар жәрмеңкесін тек семестр соңында, жылына бір-екі рет өткізеді. Қалған уақытта өз бетімен жұмыс іздеуге тура келеді.

Қазақстандықтардың айтуынша, Германияда жақсы жұмысқа тұру үшін қолда диплом және мамандық бойынша еңбек өтілі қажет. Сондықтан өз ісінің білгір маманы атану мақсатында ертерек тәжірибе жинақтаған жөн.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы