378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев: Дәрігерлерді қосымша жұмыстан босату керек

  • 200
  • UPD: 19:57, 22.05.2019

Ақтөбе облысының экологиялық мәселесі алаңдатарлық.

Жолдың да жайы нашар. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймаққа жасаған жұмыс сапарында осы проблемаларды көтеріп, тиімді шешу жолдарын ұсынды.

Сосын бірқатар өндіріс һәм әлеуметтік нысанды аралап, еңбеккерлердің жалақысын көтеруді міндеттеді.

Қазақстан әлемде мұнай мен газға бай елдердің бірі болса, сол қазынаның мол қоры Ақтөбе жерінде жатыр. Облыстың жер аумағы да үлкен. Қарағандыдан кейінгі екінші орында. Өңір орталығы Ақтөбе – еліміздегі төртінші мегаполиске айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерліктің мұнда өркен жайғанын инвестициялық жобалар арқылы бағамдады. 5 гектар аумақты алып жатқан жылыжай кешені былтыр салынды. Содан бері өңір ғана емес, тұтас елдің экономикасына қомақты үлес қосып келеді. Жылына 3 мың тонна көкөніс өсіріп, ішкі нарыққа ұсынады әрі Ресейге экспорттайды. Президент шетелдік инвестормен емен-жарқын әңгімелесті. Ағылшын тілінде өрбіген диалогтың қос тарапқа да тиімді тұсы бар. Біріншіден аудармашы керек емес, екіншіден келісімге тез арада қол жеткізіледі.

Алевен Диедерик, Теодорик жылыжай кешенінің бас директоры:

– Бұл жерде голландиялық технология қолданылады. Кешен бірнеше бағытта жұмыс істейді. Көкөніс көшетін өсіру, кейін оны арнайы аймаққа егу және дайын өнімді қаптау ісі жолға қойылған. Қазір 90-нан астам адам жұмыс істейді. Жыл аяғында жұмысшы күші екі есе артады.

Ал бұл – Ақтөбе индустриалды аймағы. Кәсіпкерлер үшін тиімді аумақ. Аумағы 150 гектар жерде бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. Жыл соңына дейін 8-і пайдалануға берілмек. Соның бірі – керамогранит пен керамикалық тақтайша шығаратын зауыт құрылысы Президентке таныстырылды. Инвестициялық жоба құны – 9,2 миллиард теңге. Еліміз бойынша мұндай кешен тек Шымкентте ғана бар. Кәсіпорын 200 адамды еңбекпен қамтиды.

Президент аймақта жұмыс істейтін алып кәсіпорындардың жетекшілерімен кездесті. Соның ішінде мұнай өндірушілер мен жел электр станциясының құрылысын жүргізушілер бар. Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторларға еңбеккерлердің жалақысын жыл сайын өсіріп отыруды міндеттеді. Сондай-ақ сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердегі отандық үлесті арттыруды жүктеді. Өз кезегінде, компания басшылары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сақтаймыз деп уәде етті. Ал Ақтөбе ферроқорытпа зауыты әлеуметтің әлеуетін арттыруда өзіндік тәжірибе ұсынып отыр. Мәселен, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді. Өндірістік-қауіпсіздік басты назарда. Ол үшін зауыт аумағында жүздеген бейнебақылау камерасы орнатылған. Президент бастамаға қолдау білдірді әрі зауыт жұмысына оң баға берді.

Мемлекет басшысының жұмыс сапары Ақтөбенің медициналық орталығында жалғасты. Заманауи медициналық технология, жоғары білікті маман әрі кең ауқымды емдеу ғимараты өңір жұртшылығының алысқа сабылмай-ақ, осында емделуіне мүмкіндік берді. Алдағы уақытта орталық батыс аймақтың медициналық хабына айналып, жылына 30 мың адамға дейін қызмет көрсетпек. Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық дәрігерлердің съезіне қатысты. Алғашқы көмек көрсету мәселесі қаралған жиында Президент Ақтөбе облысының тәжірибесін озық деп бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Балалар кордиологиясы, трансплантология және басқа да медициналық қызмет түрлері осы орталықта көрсетіледі. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына бармай, шетелге шықпай, өңір тұрғындары осы жерде ауруына шипа тауып отыр. Барлық облыс осыған ұмтылуы қажет. Оған қажетті мүмкіндік бар. Жалпы облыста денсаулық сақтау саласында айтарлықтай жұмыс атқарылған. Атап өту қажет, бүгінгі халықаралық форумның осы жерде өтуі бекер емес.

Алғашқы медициналық көмек мәселесіне еліміз соңғы уақытта баса мән беріп келеді. Яғни кез келген аурудың алдын алу – мемлекет үшін басым бағыт. Сондықтан салада ифрақұрылым толықтай жаңартылу үстінде. Еліміз бойынша тәуелсіздік жылдары 1200 емхана мен амбулатория және 200 аурухана салынды. Сақтандыру жүйесіне де кезең-кезеңімен көшу жоспарланған.

Төлебай Рахыпбеков, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті:

– Қазір оқыту жүйесін өзгертіп жатырмыз. Отбасылық дәрігерлер үшін резидентура болады. Мысалы қазір отбасылық дәрігерлерге өзінің пациенттеріне қайда түссе де, солардың емдеу сапасын тексеруге құқық беріп жатырмыз.

Ұлт саулығын арттыру ұтымды іс екені даусыз. Сол арқылы тұтас елдің келешегі қалыптасады. Оған қолбайлау болған мәселе де аз емес. «Біріншіден ана мен бала өлімін азайту қажет», – деді Президент. Ол үшін медициналық салаға жұмсалатын қаржы ұлғайтылады. Дәрігерлердің жалақысы өсіп, әрбір аудан мен елді мекенде мобильді медициналық қызмет жүйесі пайда болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Дәрігерлердің мәртебесін арттыру жөніндегі мәселе жаңа заң жобасында қаралған. Оны халықтың кең талқысынан өткіземіз. Дәрігерлерді қосымша жұмыстан босату керек. Кодекс келесі сессияға дейін қабылданады. Медицина мекемелерін автокөлік, реонимобильмен қамтуға 2022 жылға дейін 27 млрд теңге бөлеміз. Бұл қаржыны жұмсауда ашықтық қамтамасыз етілсін.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2019-2021 жылдары жеті өңірдегі 10 медициналық нысанның құрылысына 120 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінетінін айтты. Сонымен қатар алдағы уақытта отандық медицинаның, соның ішінде ауылдық жерлердің материалдық-техникалық мәселелері толық шешімін табады деді.

Мемлекет басшысы өңірге жасаған жұмыс сапарлары кезінде жастардың мәселесіне баса көңіл бөледі. Бұл жолы Президент ақтөбелік өрендердің шынығып шымыр болуына өз септігін тигізіп келе жатқан «Жекпе-жек» сарайында болды. Кешен көпбейінді. Күрес, бокс, гимнастика, дзюдо сынды спорт түрлерінен үйірмелер жұмыс істейді. Осы күндері мұнда Батыс аймақтары арасында қазақ күресінен жарыс өтіп жатыр.

Облыс жұртшылығымен жүздесуде Президент көптеген маңызды мәселеге мән берді. Солардың бірі – Ақтөбедегі жолдың жайы. Күрмеуі қиын күрделі проблема 2025 жылға қарай толық шешімін табуы тиіс. Ақтөбе-Атырау жолын жөндеу қазір жүріп жатса, алдағы уақытта Ақтөбе мен Хромтау арасында құрылыс басталмақ.

Ақтөбеліктерді экология мәселесі де алаңдатады. Ластанган өзендер жайы түйткілге айналған. Оны да Президент жақын арада шешуді міндеттеді. Үкіметке берілген тағы бір тапсырма – ауылдық жерлерді ғаламтормен қамту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бесінші маңызды мәселе – сапалы білім. Біз ауыл мен қаладағы алшақтықты жоюмыз. 2022 жылға дейін үш ауысымдық мәселе апатты. 10-нан аса осындай нысан бар. 20 мың бала балабақшаға кезекте тұр. Жастардың білім алуына жағдай жасау. Алдағы 5 жылда білім және ғылым саласына жұмсалатын қаражат артады. 180 колледж жаңарады.

Жастарды жұмыспен қамту, ауыл инфрақұрылымын жаңарту сол арқылы азық-түлік өндірісін өркендету де Президент қойған тапсырмалардың қатарында. Сапар соңында Мемлекет басшысы облыстың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жандарға алғыс білдіріп, арнайы марапаттар ұсынды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Қалай болғанда, облыстың алған беті айқын. 800 мыңдай халқы бар өңір Президент қойған міндеттерге жұмыла кіріспек. Елдік мүдде жолында олар аянып қалмақ емес. Себебі Ақтөбе – еліміздің индустриалды аймағы әрі ұлт ұйытқысы болған ұлылардың мекені. Бір жағадан бас, бір жеңген қол шығару – ақтөбеліктерге де тән қасиет. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы сапарында берген тапсырмалар нәтижелі орындалады деген сенім білдірді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ербол Дайыров, Антон Балтрушевич

Хабар 24 телеарнасы