378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аягөзде 400-ге жуық көп балалы отбасы баспанаға мұқтаж

  • 159
  • UPD: 19:58, 22.05.2019

Аягөзде көп балалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі басты назарда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылдан бастап әкімдік арнайы жер телімдерін бөліп, инфрақұрылымдық желілерді тартып бермекші. Жергілікті билік құрылыс жұмыстарына да көмектеседі.

Мамырсу ауылының тұрғыны Әсел Мамытова – 5 баланың анасы. Өзі перзенттерін бағып үйде отыр, азаматы еңбек еткенмен, жалақысы аз. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек алушылар тізімінде. Сәуірдің бірінен бастап жаңаша форматта берілген жәрдемақыны алып, ырыздық несібенің көбейгеніне қуанып отыр. Балаларына киім кешек алып, үйді жөндеуден өткізе бастапты.

Аягөз ауданында 3 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 5800 адам болса, биыл 7 мыңға жуықтаған. Бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де ұлғайып, 1 миллиард теңгеден асыпты.

Ділдәбек Оразбаев, Аягөз ауданының әкімі:

– Мектептегі көп балалы аналардың, тұрмысы төмен отбасылардың балаларының бәрі тегін тамақпен, балабақшамен қамтамасыз етіледі. Одан кейін мектеп формалары, оқулықтармен тегін қамтамасыз етіледі. Ендігі мәселе – аудандағы көп балалы аналарды баспанамен қамтамасыз ету. Бұл жөнінде де қазір жұмыстар жүріп жатыр.

Ауданда 400-ге жуық көп балалы отбасы баспанаға мұқтаж. Алдағы уақытта осы мәселені жүйелі шешу үшін арнайы жер телімдері беріліп, инфрақұрылымдық желілер тартылмақшы. Құрылыс жұмыстарына да жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы