384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да суландыру жүйелері қалпына келтірілуде

  • 216
  • UPD: 23:38, 22.05.2019

Батыс Қазақстанда суландыру жүйелері қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тақауда 4 миллиард теңге қаржы жұмсалған «Киров-Шежін» каналы іске қосылды. Осының арқасында 90 мың гектар жайылымдық алқапқа су жетті.

Енді көл табандарына су жинайтын гидротехникалық құрылғылар жөнделе бастады.

Жаңақала ауданында жайылымдық алқаптардың жалпы көлемі 1 миллион гектарға жуықтайды. Соның 48 мыңы суармалы жерлер санатында. Аудандағы 500-ден астам шаруашылықтың бағымында 60 мыңдай ірі қара, 170 мың қой-ешкі мен 23 мың бас жылқы бар. Төрт түлікке қажетті мал азығын дайындау оңай шаруа емес. Мәселен, бір ғана Қызылоба ауылдық округінде 30 шақты шаруа қожалығы бар. Көлтабандардағы гидротехникалық құрылымдар талапқа сай болмаған соң суармалы алқаптардың аңқасы кеуіп, арнасы тез құрғап қалатын.

Нұржан Бердіғалиев, Қызылоба ауылдық округінің әкімі:

– Кеңес одағы кезінде салынған лиман ғой, үкімет тарағаннан кейін иесіз қалып қойды. Содан каналдың бәрі бітелді. Тек судың көптігінен еріксіз ғана жайылып, ұзақ шығып жүрді. Енді биылғы жылы каналдарды тазартқаннан судың келімі өте жақсы.

Биыл аймаққа ақ ұлпа мол түскенімен, жайылымдық жерлерді жарылқай қоймады. Көлтабандар арнасы қар суымен толығар деген шаруа үміті ақталмады. Ал тек осы аумақтағы 13 мың гектардай суармалы жерге 40 миллион текше метр су керек. Бар үміт Жайық суында. Бірақ мамандар күзге дейін құйылатын көлем 9 миллион текше метр болады деп болжайды. Дегенмен жөнделген қақпалар қазірдің өзінде жиналған суды ұстап қалып, босқа ысырап болуын тежеп отыр.  

Төлеген Ғұмаров, «Қазсушар» РМК БҚФ директорының орынбасары:

– 58 миллион қаржы бөлінді. Соның ішінде 12 су қақпасы, 38 шақырым канал су келетін жүйелер тазаланды. Шыны керек, жыл сайын қиындық туғызатын еді. Су осында келу үшін 2-3 жұма уақыт кететін еді. Биыл аз су болса да, 1 жұмада түсті.

«Қарасу-Төртқұлақ» көлтабандарын қалпына келтіру жұмыстары былтыр басталды. Бұл мақсатқа бюджеттен 63 миллион теңге қаржы бөлінді. 16 мың жарым гектар болатын көлтабан аумағын суландыру нәтижесінде мал азығының мол қорын жасақтауға мүмкіндік туды. Алдағы уақытта Ақжайық су қоймасы жөндеуден өтіп, Жайық-Шалқар каналы мен Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесі де қалпына келтіріледі.

Ғали Есқалиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Осы жұмыстарды біз әрі қарай жалғастырамыз. Қазір қосымша 17 объектің жобалық құжаттамалары дайындалуда. Біздің мақсатымыз қазір 68 мың жайылма суармалы жерлеміз бар, оларды кем дегенде 200 мыңға жеткізу.

Соңғы 4 жылда суландыру жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Осы қаржыға аймақта 9 гидротехникалық нысан қалпына келтірілген. Нәтижесінде, 40 мың гектарға жуық суармалы алқап тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді.   

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы