383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көпшілікті тәнті еткен ісмер түзету мекемесінде шеберлік сабағын өткізді

  • 218
  • UPD: 23:39, 22.05.2019

Он саусағынан өнер тамған адамның бірі – Гүлнәр Әбіш.

Көпшілікті тәнті етіп жүрген ісмер кейінде әлемдегі ірі мешіттерді кестеге түсіре бастапты. Рамазан айында темір тордың ар жағындағы қамкөңіл жандардың арасында болып, өз туындыларын көрсетіп, шеберлік сабағын өткізді.

Түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Екатерина Бороздина кішкентай кезінен-ақ кесте тігуге құмар болыпты. Темір тордың ар жағандағы өмір көңіліне қаяу түсіргенмен, күнделікті бұл іс бір сәт болса да көңілін аулайтыны анық. Сол себепті кесте тігуді үйренуге асық.

Екатерина Бороздина, жазасын өтеуші:

– Кестені алғаш көргенде, бояумен салынған сурет деп ойладым. Байқасам, кәдімгі жіппен тігілгенін көріп, қатты таң қалдым. Шеберлік деп осыны айт. Өзім де тоқи аламын. Бұл жұмыс өте ұнайды. Үйренсем деймін. 

Қолөнер шебері Гүлнәр Әбіш шеберлік сағатын мұнда алғаш рет өткізіп отыр. Негізі бұл іске балаларды баулитын. Дегенмен қасиетті Рамазан айында мұндағы адамдарға да үміт сыйлап, өмірге деген құлшынысын оятуға тырысыпты. Сөйтіп әлемдегі ірі мешіттерді бейнелеген бірегей дүниелерін жазасын өтеп жатқандарға көрсетіп, олардың да осындай істі үйренгенін қалайды.   

Дмитрий Акентьев, жазасын өтеуші:

– Шеберлігіне қайран қалдым. Ал суреттің тарихы тіптен тұңғиыққа жетелейді. Өзім де дәл осындай іс жасағым келеді. Бірақ мұндайға шыдамды адам ғана тәуекел етеді.

Ол суретке жан бітіреді. Әрине бұл – уақытты алады әрі тынымсыз еңбекті қажет ететін жұмыс. Бір туындыны толыққанды жасап шығуға 6-7 ай кетеді. Оның осындай еңбекқорлығы жақындарын да қуантып отыр. Бірақ қолынан шыққан дүниелерді сатпайды. Барлық жиынтық туындыларына 3 мың доллар ұсынғандар да болды. Бірақ келіскен емес. 

Шебердің моншақпен әрлеп, әспеттеп мешіттерді бейнелеген 20 туындысы бар. Ең алғашқы кестесін бұдан 15 жыл бұрын бастапты. Сол жылы Үндістанға барғанда осындай дүниелерді көрген. Сөйтіп мұндай істі өзі де істей алатынын түсінген. 

Гүлмира Әбіш, қолөнер шебері:

– Барлық адам осындай Оразаның кезінде қайырымдылықпен айналысқысы келеді. Соның біреуімін деп ойлаймын өзімді. Адамдарға үміт сыйлағым келеді.

Шебердің өзі алғашында Тадж-Махалды бейнелегенде, осы құрылысты өзім салғандай күй кештім дейді. Мұнан кейін де тарихтан алыстаған жоқ. Қазір Меккедегі Әл-Харам мешітін кестеге түсіріп жатыр. Бұл туындысын оразаның соңына дейін аяқтауды армандайды.

Авторлары: Е.Устимович, Омирбек Изимов

Хабар 24 телеарнасы