378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында ұсақ малдың басы азайған

  • 164
  • UPD: 07:56, 23.05.2019
Қарағанды облысында ұсақ малдың басы азайған

«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деуші еді қазақ. Қазір еті демесеңіз ұсақ малдың құны кеміп тұр.

Жүні өтпейді. Терісіне де сұраныс жоқ. Өніміне сұраныс жоқ. Соны білетін фермерлер жаппай қой шаруашылығынан бас тарта бастаған. Мәселен, Қарағанды өңірінде сонау 90-жылдары 2 миллионнан астам ұсақ мал болса, қазір соның тек тең жартысы ғана қалыпты. Осы саланың болашағы қандай?

Жүнді ұқсататын жер жоқ. Ауылда еш жерде өтпейді, қалаға алмайды. Алатын жерге бара алмаймыз.

Ақтоғай ауылының тұрғыны Қабдолла Нөгербековтің қорасында 50-ге тарта қой бар. Ақсақал көктем сайын қырыққан жүнді қоқысқа тастайды. Басқа амал жоқ. Ауыл іргесіндегі полигонда тау-тау болып шіріп жатыр. 

Қабдолла Нөгербеков, Ақтоғай ауылының тұрғыны: 

- Ауылда қойы бар фермерлер бар, бәрінікі өтпейді. Жалғыз жекеменшік сектордікі емес. Жүн өтпейді, еш жерде қабылдамайды. Бәрін мусорға апарып тастаймыз. Тері де өтпейді. Ешкінің терісін ғана алады, кішкене түбітін алады.

Егер Үкіметтен қолдау болса, шатқаяқтаған шаруаны алға сүйреуге ынталы кәсіпкерлер бар. Абзал Әбдіғұл 90-шы жылдардың аяғында бұл істі қолға алып, 10 жыл бойы жүн қабылдаумен айналысқан. Ол үшін жүн тығыздайтын қондырғы да сатып алыпты. Ал қазір тиімсіз,-дейді ол. Егер субсидия төленсе, жүнді өңдеп, одан дайын өнім жасағысы келеді.

Абзал Әбдіғұл, жеке кәсіпкер:

- Жүн мәселесі дамыса екен. Пима цехын ашып, киіз үйлерге киіз басып, текмет, қазақи қолөнерді өзіміз жасап шығарсақ, соған қолдау көрсетсе. Субсидия, үкіметтен көмек болса деп, фермерлерге қолдау болса деп сұраймын.

Қой жүніне деген сұраныстың жоқтығы, Ақтоғай ауданындағы тұтас мал шаруашылығын тұралатты. Бір кездері мұнда биязы жүнді әрі етті келетін дегерес тұқымы 250 мың болса, қазір содан тек 30 мың ғана қалған.

Зәрузәдә Тәукеев, ауыл шаруашылығы саласының ардагері: 

- Кезінде бұл ауданда дегерес қойы 250 мыңға дейін жеткен. Егер де бұл қойды қолға алмасақ, етін, жүнін іске асырмасақ, бұл қой құрып кетуі мүмкін.     

Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары қой жүнін өңдеуге құлықты инвесторды іздеп жатыр. Бірақ әзірге нәтижесіз. Алайда ет бағытында табыстар бар. Өткен жылы Қытай елімен келісім-шарт жасалып, 20 тонна мұздатылған қой еті экспортқа жіберілген. Биыл да сауда-саттық жалғаспақ. Қазір өзге елдермен де келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Сырым Бошпанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы күнге дейін етті біз 2 бас, көп болса 10 бас ғана тапсыратын жағдай болды. Бұл әрине шаруашылыққа өте тиімсіз. Сол Қытаймен келісім болуына байланысты әр шаруашылық енді 200-300, 500 басқа дейін өткізе алады.

Қазір қой басын көбейту үшін «Сыбаға» бағдарламасымен мемлекеттен жеңілдетілген несие де беріліп жатыр. Айталық, былтыр аймақ шаруалары 15 мың басқа көмек қаржы алған. Алайда соның тек 400-і ғана өзге өңірден жеткізіліпті, қалғаны облыс аумағынан сатып алынған. Бұл қой басының көбеюіне көмек болмай отыр. Сондықтан бағдарламаның талабы өзгеруін тілейді мамандар. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы