383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында мерзімді басылымдар бәсекеге қабілетті екенін көрсетті

  • 126
  • UPD: 08:43, 23.05.2019
Ақмола облысында мерзімді басылымдар бәсекеге қабілетті екенін көрсетті

Ақмола облысындағы мерзімді басылымдар, ақпараттық технологиялар дамып, әлеуметтік желілер қаптаған қазіргі заман ағымына қарамастан тираждарын көбейтіп келеді.

Ал кейбір қалалық газеттер тіпті, республика көлемінде сұранысқа ие болған. Бақталастық күшейген қоғамда бағы жанған аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары жайлы Дамир Берікұлының бейнематериалында.

100 жылдық тарихы бар облыстық «Арқа ажары» газеті аймақтағы мерзімді басылымдардың ішінде тиражы жағынан көш бастап тұр. Осыдан бірнеше жыл бұрын газеттің таралымы 5-6 мың дана болса, бүгінде бұл көрсеткіш 8 мыңға жеткен. Ендігі меже 10 мың дейді басылым басшылығы. Ал редакция әлеуметтік желіні газетті насихаттауға тиімді құрал ретінде пайдаланып отыр.  

Жабал Ерғалиев, газет директоры:

- Әлеуметтік желі біздің қазір газетіміздің үлкен жәрдемшісі, көмекшісі, үлкен насихатшысы болды. Біз осыны түсініп отырмыз. Шынында да біз де бас кезінде әлеуметтік желіге онша мән бермейтін едік. Енді қазір қарап отырсақ, өзіміз қазір көп ақпаратты әлеуметтік желіден аламыз. көп қоғамдық пікірді әлеуметтік желіден табамыз. Әлеуметтік желілер мен газеттің екеуінің аражігін ажыратуға болмайды. Екеуі де бір майдан, бір күрес алаңы.

Ал солтүстік өңірдегі жалғыз тәуелсіз қазақ газеті енді республика көлеміне таралады. Себебі еліміздің өзге облыстарынан сұраныс түскен. Осылайша бірнеше рет жабылудың аз-ақ алдында қалған «Бұқпа!» атты мерзімді басылымның енді жаңа тынысы ашылғандай. Айта кетейік, аталған газет ұлттық құндылықтарға баса мән береді.

Асхат Шәріпбаев, газет директоры:

- Семей қаласынан, Ақтау қаласынан, Алматы қаласынан, Қызылорда қалаларынан хабарласып, газетке сізге қалай жазылуға болады, қалай оқуға болады, сіздердің газеттеріңізді ұнатамыз деген сондай пікірлер түсе бастады. Ақтаудағы оқырман менің ойымша біздің Бурабай шипажайына келіп демалғанда «Бұқпа» газетін көріп отыр деп ойлаймын. 

Осылайша өңірдегі мерзімді басылымдар оқырмандарының көмегімен бәсекелестікке төтеп беріп келеді. Жалпы Ақмола облысында бүгінде 93 бұқаралық ақпарат құралы бар болса, олардың 76-сы газет-журналдар. Ал, аймақта 4 телеарна, 2 радио және 5 ақпараттық агенттік қана тіркелген.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы