378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында жеке кәсіптің нәсібін көріп отырған көп балалы отбасылар бар

  • 161
  • UPD: 15:43, 23.05.2019

Ақмола облысында кәсібін бастап, нәсіп тауып отырған көп балалы отбасылар бар. Ауыл тұрғындары бизнес негіздеріне үйреніп, мемлекет ұсынған қолдауды көруден үмітті.

Бүгінде бір ғана Астрахан ауданында 20 азамат өз кәсібін бастаған.

Еңбекқор, адал, мейірбан. Астрахан ауданы Первомай ауылының тұрғындары Щерба Идызовты осылай бағалайды. Үйінің ауласына 3 жылыжай орнатып, дәруменге толы көкөністер өсіретін азаматтың мақсаты асқақ. Бес баланың әкесі бизнес негіздеріне үйреніп жатыр. Келешекте ісін дөңгелетіп, ауылдастарын жұмыспен қамтымақ.

Щерба Идызов,  ауыл тұрғыны:

- Осы ауылға көшіп келгелі жылыжай орнатудың қамымен жүрдім. Алматы облысында да он жыл бойы бау-бақша ісімен айналысқам. Көкөністеріміз қазір Елорда нарығында сұраныста. Бастысы, еңбек ету керек. Мен 505 мың теңге болатын грантты ұтып алғым келеді. Сөйтіп, суару құралдарын алып, жылыжайымды кеңейтсем деймін.

Көп балалы отбасының басты байлығы ауызбіршілік пен сыйластық.  Негізгі нәпақасын жылыжайдан тауып келген әулет сәуірден бері атаулы әлеуметтік көмек алып отыр.

Джамиля Идызова, Щ. Идызовтың қызы:

- Біз ата-анамызға үнемі көмектесеміз. Бау-бақшаның қыр-сырын үйреніп алдық. Әрқашан да бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Осындай үлкен отбасым барына мақтанамын. Біз үшін барын салып жүрген ата-анамды жақсы көремін

Лозовое ауылындағы Ибла әулеті де көптің құрметіне ие. Бес баланы жеткізіп отырған отбасы ауданға Жамбыл облысынан көшіп келген. Отағасы Ильяс «Бизнес бастау» бойынша оқып жатыр. Шағын кәсібін ашып үлгерген ол да көкөністің түр-түрін өсіріп, үлкен нарыққа шығармақшы. 

Зульфия Ибла, ауыл тұрғыны:

- Қазір 130000 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Мемлекеттің қолдауы арқасында жағдайымыз түзеліп келеді. Үйде жаңа техника тұр, балаларымның да азық-түлік, киім-кешегін түзеп алдық. Жолдасым картоп егіп, сатады. Енді жылыжай салғымыз келеді.

Астрахан ауданында сәтті бизнес жоспарын ұсынып, кәсібін бастауға ниетті азаматтар баршылық. Бастысы, барлығы туған ауылына жанашыр.

Жанар Мұхамеджанова, Астрахан аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Атаулы әлеуметтік қолдау 850 азаматқа көрсетілді. Оның 600-і балалар. Біз көпбалалы отбасыларды назардан тыс қалдырмаймыз. Олар еліміздің келешегін тәрбиелеп, жеткізіп жатыр. Бүгінде 17 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды, 20-сы жеке кәсіппен айналысады. Әлеуметтік жұмысқа тартылғандары қаншама.

Жалпы еліміз бойынша 15 мың көп балалы отбасы 505 мың теңге, яғни 200 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз грантқа өз ісін бастауға мүмкіндік алады. Жеңілдетілген несие алуға ниеттілер де табылған.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы