378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында көп балалы жас отбасы кәсіп ашуды көздейді

  • 188
  • UPD: 22:50, 23.05.2019

Ақмола облысында бүгінге дейін 4 жарым мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оларға жалпы сомасы 600 млн теңге болатын жәрдемақы төленген. Бұл отбасыларда 18 мыңға жуық адам тұрады.

33 жастағы көп балалы ана Надежда Берестень өзінің 6 жасар қызы Фриданы әлден тамақ әзірлеуге баулып жүр. Фрида – отбасында ортаншы бала. Оның екі үлкен ағасы мен өзінен кіші үш бауыры бар. Бұрын осы 6 бала үшін айына небәрі 10 мың теңге ғана жәрдемақы алып келген жас отбасы енді 126 мың теңгеден астам әлеуметтік көмекке қол жеткізіп отыр.

Надежда Берестень, көп балалы ана:

- Біздің мемлекетке алғысым зор. Әлеуметтік көмек біз үшін өте үлкен қолдау болды. Енді тұрмысымызды тіктеп, қол жетпей жүрген дүниелерді сатып алуға мүмкіндік туып отыр. Мәселен, біз қазір сол қаржының есебінен үлкен ұлымызға электровелосипедке тапсырыс беріп қойдық. Одан бөлек ауламызға балалар ойнайтын қондырғылар сатып алсақ дейміз.

Ұл-қыздарының көбісі кішкентай болса да, жас ана мемлекеттің жәрдеміне ғана қарап отырған жоқ. Кәсіп ашудың жолын іздеп, бақуатты отбасы болудың амалдарын қарастыруда. «Іздегенге – сұраған» демекші, қазір Надежда бизнес негіздерін тегін оқып жүр. Бұйыртса, Үкіметтен көп балалы аналарға берілетін 500 мың теңгеден астам грантты алудан үмітті. 

Надежда Берестень, көп балалы ана:

- Мен грантқа ие болсам, үлкен кір жуатын машина сатып алып, халыққа кір жуу қызметін ұсынғым келеді. Ол кәсіпті мен үйде балаларымның қасында отырып-ақ жасай аламын. Біздің маңайда ондай бизнес мүлдем жоқ. Тек химиялық тазалау ғана бар. Сондықтан осындай іске бел буып отырмыз.

Жас ата-ана балаларына тұрмыстық қажеттіліктен бөлек, тәрбие мен өнер-білімді де қатар беріп келеді. Ұл-қыздарының бәрі шетінен түрлі музыкалық аспаптарды меңгерген.

Берестеньдер отбасы қалалы жер болғанымен, жеке үйде тұрған соң, үй жанынан кішігірім мал қора салып, балалар табиғи сүт ішсін деген ниетпен бірнеше сиыр ұстайды. Отағасының жұмыстан тыс уақыттағы ермегі осы. Ал малдарды жемдеп, суару барысында ол балаларын жанынан тастамайды.

Дмитрий Берестень, отағасы:

- Мені үй шаруашылығына ата-анам үйретсе, қазір мен де балаларымды еңбекке баулып жүрмін. Себебі, ер бала деген іскер болуы керек. Мәселен, менің ұлдарым қазір қояндарды өздері тамақтандырып, бұзауларды суарады.

Жас әрі көп балалы отбасының осындай еңбекқорлығы мен олардың жарқын өмірге жетелеген жігері кімге болсын үлгі-өнеге.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы