378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында тоғыз мектептің құрылысы жүруде

  • 170
  • UPD: 07:40, 24.05.2019

Маңғыстау облысында тоғыз мектептің құрылысы кестеге сай жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жобалар мерзімінде іске асқан жағдайда өңірдегі орта білім беру кешенінің қатары 154-ке артады. Биыл тағы екі мектептің құрылысын бастау жоспарда тұр. Сондай-ақ Атамекен мен Басқұдық елді мекеніндегі екі ауысымдық оқу нысанына қосымша 320 орындық ғимарат жалғанып жатыр. Оларды жаңа оқу жылына дейін қолданысқа беру күн тәртібінде тұр.

Басқұдық елді мекеніндегі №9 орта мектеп 960 орындық. Яғни мұнда 1800 оқушы екі ауысыммен білім алуы тиіс. Алайда 3227 бала үш ауысымда оқуға мәжбүр. Бұл мәселе жаңа оқу жылында мектепке қосымша 320 орындық оқу ғимараты жалғануымен шешіледі. Жоба құрылысы ақпан айында басталған. Қазіргі таңда 30 процентке орындалып тұр.

Сметалық құны 227 млн 500 мың теңге болатын қосымша ғимарат үш қабатты. Құрылысы біткен соң сырты жасылмен сырланып, бірыңғай түске енеді. Яғни негізгі мектептен еш айырмасы болмайды. Әр қабаттағы терезе орнына дәлізге қосатын есіктер орнатылады. Мердігер мекеме шілде айына дейін сыныпқа қойылатын құралдарға тапсырыс бермекші. Демек 1 қыркүйекте балалар су жаңа бес оқу кабинетіне жайғасады.

Рахат Дәулетбаев, мердігер:

– Жаңа оқу жылына бітіреміз деген жоспарымыз бар. Қазіргі таңда 30 жұмысшы бар. Спецтехника, кран жұмыс жасап тұр. Дайын күйде береміз. Ішінде парта, тақталары болады. Оқушылар тек оқуға кіреді.

Биыл екі ауысымда 640 оқушы қабылдайтын қосымша ғимарат бұл мектептегі орын тапшылығын толтырмайды. Жоба аяқталған соң да 700-ден астам бала аудан орталығына қатынап оқи береді. Өйткені, Мұнайлы туу көрсеткіші бойынша өңірде көш бастап тұр. Оған қарасты Батыр елді мекеніндегі 1200 бала оқитын мектепке де 320 орындық оқу кешені жалғанады.

Асқар Сейдалиев, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Екі мектеп құрылысы жанындағы 320 орындық болады. Батыр ауылындағы мектептің 1200 орындық және Ақшұқыр елді мекенінде Түпқараған ауданында 900 орындық. Бізде облыс бойынша 6 үш ауысымды мектеп жұмыс жасап жатыр. Және алдағы уақытта да біздің анализ бойынша бес жылдың ішінде қосымша тағы да 72 мың оқушы мектепке барады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз жалпы саны тоғыз мектептің құрылысын іске қостық. 154 мектептің ішінде сол мектептер де есептелген.

Айта кетейік, Маңғыстау өңірінде апаттық жағдайда тұрған білім ордасы жоқ. Өзектілігін жоймай тұрғаны – үш ауысымдылық. Мәселені түбегейлі шешу үшін облыста 19 мектеп салынады. Өңір әкімдігі мақұлдаған бұл жобалар бес жылда жүзеге асуы тиіс.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы