378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық түлектер мектеп бітіру кешінен бас тартты

  • 181
Маңғыстаулық түлектер мектеп бітіру кешінен бас тартты

Маңғыстау облысындағы мектеп түлектері жаппай бітіру кешінен бас тартып, банкетке жинайтын қаржыны қайырымдылыққа жұмсамақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жастар осылайша көңіл көтеруден көрі сауапты істерге атсалысуды жөн көріп отыр. «Нұрлы болашақ» шарасына әзірге 10 мектептің түлегі қосылған. Мәселен, ақтаулық оқушылар балалар үйіне ойыншықтар сыйласа, Мұнайлы ауданының түлектері көп балалы отбасылардың балаларына жазғы лагерьге жолдама тарту етті. Ал Жаңаөзен жастары аз қамтылған жанұяларға барып, қажетті заттарын сатып алып берген. Кей мектеп түлектері думанды кештерді киелі жерлерге саяхат жасаумен алмастырмақшы. Бекет ата бастаған жер асты мешіттерін аралап, өлкенің тарихымен танысуды жоспарлап отыр. Жалпы биыл аймақта 5579 оқушы мектеп бітіреді.

Айжан Бейнеубай, №11 мамандандырылған физика-математика мектебінің оқушысы:

– Біз осы шараны қолға алғанда өмірдегі басты құндылық қайырымдылық екенін түсіндік және ысырапшылдыққа жол бермеу қажет екенін білдік. Әр бала өздерінің үйінен ойыншықтар, киімдер және тәттілер алып балалар үйіне бардық.

Асқар Сейдалиев, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Айта кететін жайт, бұл акция әлі де жалғасын табады. Себебі басқа мектептер де сол акцияға қосылып жатыр. Осы жылы мектеп кештері мектептен тыс жерлерде болмайды. Тек қана мектептің қабырғасында өтетін болады.

Хабар 24 телеарнасы