378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан қазақстандықтар туралы кітап жарық көрді

  • 166
  • UPD: 16:41, 24.05.2019
Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан қазақстандықтар туралы кітап жарық көрді

Елордадағы №10 мектеп-гимназияда Чернобыль ардагері Марат Жүнісбектің «Көрінбеген соғыстың сарбаздары» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Екі тараудан тұратын бұл кітап – автордың Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысқан қазақстандықтар жайлы жазған төртінші кітабы.

«Бұл тақырыпқа 2000 жылдардан бері қалам тартып келемін. Өкінішке орай, жыл сайын ардагерлеріміздің қатары азайып барады. Апаттың салдарын жоюға қатысқан 32 мыңнан аса қазақстандықтың қазір 5127-сі ғана көзі тірі. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде жылына 15-16 ардагер көз жұмады. Ондағы басты себеп апат аймағында денелеріне таралған радиацияның әсері», – дейді ол.

Ардагердің айтуынша, радиацияның салдары сегізінші ұрпаққа дейін жетуі мүмкін.

«Чернобыльде радиация алған техниканы көметін техникалық зираттар бар. Сонда жұмыс істеген қазақстандықтар аман қайтты, бірақ олардың бойындағы радиацияның салдары балаларының, немерелерінің денсаулығынан білінуде. Оларда қанның ақ түйіршіктері көбейіп, сүйек майының кебу қаупі өте жоғары. Жапон елі кезінде атом бомбасы түскен жерде өмір сүрген тұрғындардың ұрпағын әлі күнге дейін емдейді. Бізге де сол тәжірибені енгізсе деген тілек бар», – дейді М.Жүнісбек.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Чернобыль зардабын залалсыздандыруға қатысқан қазақстандықтардың апат аймағынан шығарылғанына 30 жыл толды.

Хабар 24 телеарнасы