380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық кәсіпкер 5500 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр

  • 166
  • UPD: 15:18, 25.05.2019

Өз кәсібін үй жинаушы болып бастаған Ларион Лян бүгінде 5500 адамға жұмыс беріп отырған ірі кәсіпкер, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ең алдымен тазалық жұмыстарына мән берген ол қазіргі күні осы сала бойынша бизнестің 12 бағытында өз кәсібін ұтымды дөңгелетіп келеді. 

Тазалық индустриясын ашу идеясы осыдан 12 жыл бұрын, 20 жастан енді ғана асқан жігітке үлкен қажеттіліктен туындаған. Бар-жоғы екі-үш қызметкері бар басшы кезінде бірге жүріп үй жинап, аула да сыпырған. Сапалы атқарылған жұмыстың нәтижесінде бұл қызмет түріне деген сұраныс артып, кәсіп табыс әкеле бастапты.

Ларион Лян, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:

- Өз бизнесіңді қоғамға бағыттасаң, кәсіп те пайдасын әкеледі екен. Қоғамға сапалы дүние ұсынсаң, табысың да арта түсетінін ұқтым. Бизнесте пайда табу үшін емес, пайда әкелу үшін жұмыс жасау керек.

Бүгінде Ларион Лян кір жуу, кілем тазалау, сол тазалыққа қажетті химиялық өнімдер мен қағаздарды шығару, жеке пәтерлер мен ірі өндірісті жинау, күзет және жарнама агенттігі  сынды 12 бағыт бойынша үлкен бизнесті басқарып отыр. Ол – 5500 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Мысалы, екі тігін мәшинесімен ашылған цехтің өзінде бүгінде 40-қа жуық адам жұмыс жасайды.

Еңлік Мейрамбекқызы, тігін цехінің қызметкері:

- Біз басында өзіміздің компаниямыздың қызметкерлеріне ғана осындай арнайы киімдерді тігетінбіз. Ал қазіргі кезде бүкіл Қазақстанды сапалы киіммен қамтамасыз етіп отырмыз. Қазіргі таңда Қазақстанның ірі кәсіпорындары бізге тапсырыс беріп жатыр. Сол тапсырыстармен жұмыс жасап жатырмыз.

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ларион Лян алдағы уақытта сыртқы нарыққа шығуды жоспарлап отырғанын жасырмады.

Авторлары: Алуа Маханбет, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы