378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық саябақтарда жексенбілік жаттығулар өтеді

  • 133
  • UPD: 11:53, 25.05.2019
Елордалық саябақтарда жексенбілік жаттығулар өтеді

26 мамырда елордада ашық аспан астында өтетін Fitness Park Nur-Sultan апта сайынғы жексенбілік жаттығулары қайта ұйымдастырылады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.  

Биыл әкімдік барлық елорда тұрғындарына арналған тегін спорттық жаттығуларды «Астаналық», «Ботаникалық бақ», «Жерұйық» және «Жетісу» сияқты төрт саябақта өткізеді. Кәсіпқой мамандар жетекшілік еткен жаппай жаттығулар сағат 10:00-12:00 аралығында өтеді. Алғашқы сабақ алдымен Астаналық саябақта өтеді, ал қалған саябақтар шараға 2 маусымда қосылады. Жексенбілік жаттығулар тамыз айының соңына дейін жалғасады.

«Жазда Fitness Park Nur-Sultan тегін спорт жаттығулары төртінші жыл қатарынан өткізілмек. Ол үшін жыл сайын кеңінен танымал спорт түрлері таңдалады. Биылғы жаттығулар мынадай спорт түрлерінен өтеді: CrossFit, йога, бокс, бразилиялық джиу-джитсу, Zumba, үстел ойындары (дойбы, шахмат) және топтық жүгіру», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов. Дәстүр бойынша Fitness Park Nur-Sultan ауқымды жаттығулары Астаналық саябақта өткізіледі. «Жерұйық» және «Жетісу» саябақтарында жаппай спорттық шаралар СrossFit, джиу-джитсу және Zumba, Ботаникалық бақта СrossFit, джиу-джитсу, Zumba және топтық жүгіру бағыттары бойынша өткізіледі. Сонымен қатар, 20 мамырда, елордалық саябақтарда балалар ойын-сауық бағдарламасы бастау алды.

«Саябақтың 7 ғажайыбы» үш жылдан бері кішкентай елорда тұрғындары мен қонақтарына қуаныш сыйлап келеді. Балалардың сүйікті кейіпкерлерінің кейпіндегі аниматорлардың қатысуымен өткізілетін шоу «Астаналық», «Жерұйық» және «Жетісу» саябақтарында күніне екі рет өткізіледі.

«Саябақтың 7 ғажайыбы» шоу-бағдарламасының кестесі Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының @madeniet_sport.nursultan Instagram аккаунтында жарияланады.

Хабар 24 телеарнасы