389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында егін науқаны аяқталып келеді

  • 451
  • UPD: 15:27, 25.05.2019

Биыл жетісулық диқандар 962 мың гектарға ауылшаруашылық дақылдарын егеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға көп.

Жетісу жерінде биыл көктем ерте шықты. Сәйкесінше дала жұмыстары да жылдағы уақытынан бұрын басталды. Қазір шаруалар бел жазбай еңбек етіп жатыр. Жазға дейін 650 мың гектардан аса жерді игермек. Соның тең жартысынан астамына дәнді-дақыл себілсе, қалғанына қант қызылшасы, картоп егіледі. Егістік науқаны кезінде қожалық жетекшілеріне 21 мың тоннадан аса арзандатылған жанар-жағармай беріліпті. Тыңайтқыштары субсидияланған. Мемлекет тарапынан қолдау болғанымен, біз тұрған Кербұлақ ауданының шаруаларын мазалайтын өзекті мәселелер де бар. Соның бастысы кадр тапшылығы. Әсіресе ауыл шаруашылығына жас мамандар қажет. Бүгінгі күні жер жыртып, егін егіп жүргендердің басым бөлігі егде жастағылар. Сала мамандарының тағы бір тілегі техникаға қатысты. 

Есенбек Бураханов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Беларусьте техника алса, 50 пайызы субсидияланады. Яғни мемлекет төлейді. Үкімет тарапынан бізге сондай көмек болса жақсы болар еді. Жұмысшылар жағы өте тапшы болып жатыр.

Қайрат Бекиев, шаруа қожалық жетекшісі: 

- Бізге жақсы механизаторлар жетіспейді. Токарьлар жетіспейді. Жастар ауылда қалғысы келмейді.

Қазір облыстағы егін егу науқаны таулы аймақтарда ғана жүргізіліп жатыр. Жалпы, өңірдегі егістік алқабының 95 пайыздан астамы игерілген. Дала жұмыстары алдағы аптада толықтай аяқталмақ.

Авторы: Шыңғыс Қалиден

Хабар 24 телеарнасы