378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық 4298 оқушы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген

  • 208
  • UPD: 21:28, 25.05.2019

Каспий жағасындағы қала мектептерінде соңғы қоңырау сыңғырлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараның бірі ағылшын тілі және техникалық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқытатын лицейде өтті. Іргелі білім ордасын биыл 82 оқушы бітіріп шықты. Оқу жылының соңында 7 түлек «Алтын белгіге», тағы 23 бала үздік аттестатқа үміткер болып отыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Лицейдің акт залында адам лық толы. Ұстаздар, ата-аналар, биыл мектеп бітірушілер де толқып тұрғанын жасырмайды. Әрине, бұл естен кетпес сәт. Бүгін лицейдің 82 оқушысы үшін күміс қоңырау соңғы рет соғылды. Енді олар он бір жыл бойына тәлім-тәрбие алған білім ордасымен ен қоштасып, жаңа өмірге қадам басады.

Биылғы жас түлектің бірі – Темірлан Жұмалиев. Үздік аттестатқа үміткер жастың алдағы білім сынағында ата-анасы мен ұстаздарының үмітін ақтасам деген биік мұраты бар. Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтсе алматылық студент атанғысы келеді.

Темірлан Жұмалиев, жас түлек:

– Мен наурыз айының 25-30 күндері аралығында Қызылордада өткен республикалық пәндік олимпиадада 1-орын жүлдегері атандым. Сол себептен бүгін мектептен Алғыс хат алып, «Үздік оқушы» атағын иелендім. Алдағы уақытта ҰБТ-ны сәтті тапсыратыныма сенемін. Алдағы уақыттағы басты мақсатымның бірі – мұғалім болып, елге абыройлы қызмет атқару.

Бұл лицейге бала 7-сыныптан бастап қабылданады. Мұндағы дәріс негізінен ағылшын және техникалық пәндерді тереңдетіп оқытуға бағытталған. Биыл төрт сыныптың оқушылары мектеп бітірді.

Түлектер мәдени-спорттық шаралардан бөлек қайырымдылық акцияларға да белсене араласып жүр. Мектеп бітіру кешінен бас тартып, әлеуметтік жағдайы төмен 20 отбасыға азық-түлік жеткізіп берді.

Абайбек Сәрсенбеков, лицей директоры:

– Биылғы түлектеріміз қайырымдылық ретінде отбасыға көмектесу акциясын бастады. Әр отбасыға 7,5 мың теңгенің көлемінде азық-түлік таратты. 150 мыңның көлемінде шығын кетті. Мектеп кешін өткізуден бас тартып, осындай қайырымдылық іске жұмсағанды жөн көрді.

Салтанатты жиын лицейдің үздік оқушыларын түрлі аталымдар бойынша марапаттаумен жалғасты. Мақтау қағаздарын алған дарынды өрен қатарында халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздары, спортшылар мен жас ғалымдар бар. Айта кетейік, оқу жылының соңында Маңғыстау өңіріндегі орта білім беру мекемелерін 5579 бала бітіріп шықты. Олардың 4298-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген.

Биылғы ҰБТ өңірдегі төрт тестілеу орнында 20 маусым және 5 шілде аралығында өтеді. Сондай-ақ жылдағы дәстүрге сай мектеп бітірушілердің ЖОО-на түсуіне облыс әкімінің гранты беріледі. Былтыр мұндай мүмкіндікке 175 оқушы ие болған еді. Олардың тоқсан проценті әлеуметтік қолдауға зәру отбасыдан шыққан. Ал биыл 200 білім гранты тағайындалып отыр. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы