378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысындағы Қышқаладан сегіз қырлы ғимарат аршылып алынды

  • 287
  • UPD: 21:24, 25.05.2019
Қызылорда облысындағы Қышқаладан сегіз қырлы ғимарат аршылып алынды

Сыр өңіріндегі Қышқала қалашығынан ерекше сәулетті сегіз қырлы көне ғимараттың орны аршылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл нысанды ғалымдар медресе деп жорамалдап отыр.

XIII-XV ғасырларда тіршілігі қайнаған Қышқала Қызылорда облысының Қоғалыкөл ауылының маңынан аршылып жатыр. Құм қойнауына бойлаған сайын археологтарды түрлі жәдігерлер тамсандыра түсуде. «Мәселен, мына сегіз қырлы ғимарат сол дәуірдегі сәулет өнерінің ерекше үлгісіне жатады», – дейді ғалымдар.

Сырым Есенов, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері:

– Әрине ғимараттың сәулеті өте ерекше. Бұл тіпті Қазақстанда аналогы жоқ деуге болады. Себебі дәл осы 8 қырлы, ішіне қарай қайтадан 8 қырлы бөлмелер салу, оның ортасына 8 қырлы еденделген әсем ғимарат салып, оның ортасына бағандар тұрғызып, 4 жерінен салуды әзірге біз кездестіре қойған жоқпыз.

Мұндағы ғимараттардың безендірілуі Ахмет Яссауи кесенесінен кем түспейтінін айтады мамандар. Қыштағы оюлардан араб жазуларымен қатар, қазақы өрнектерді де көруге болады. Глазурленген күмбез сынықтары, түрлі түсті бояудың пайдаланылуы қаланың әсем келбетін айшықтай түседі. Көне қаланың қызықты жәдігерлері жергілікті оқушылардың да ғылыми ізденісіне арқау болған.

Рамазан Мүтән, оқушы:

– Мектептің «Өлкетану» үйірмесіне байланысты балалар келіп, «Қазба 2-де» жүріп, түрлі қыштарды, керамикалық ыдыстарды, террапоталарды тауып, оларды суретке түсіріп және түрлі бейнебаяндар түсіріп, ғылыми жобамды бірнеше рет қорғадым. 

Сондай-ақ бұл аумақтан қыш өндірген пеш табылды. Құм қойнауындағы қаланы зерттеу, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына қосқан зор үлес болмақ, – дейді археологтар.

Ғалымжан Садықов, облыстық тәрихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің бөлім басшысы:

– Енді бұл Қышқала қалашығы осы уақытқа дейін тек 90 жылдары әуесқой қазба жұмыстары ретінде ғана жүргізіп келіп, тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Кешенді түрде қазба жұмыстары басталып, бұл қалашықты зерттеуде, тарихын анықтауда Сырдарияның төменгі ағысындағы ортағасырлық қалалардың тарихын ашуды үлкен мүмкіндік береді бұл қазба жұмыстары.

Ел аузындағы аңыздарда Алпамыс батырдың жары Гүлбаршын мекен еткен қаланың географиялық сипаты да осы маңға ұқсас келеді екен. Мұндай болжамды қала аумағынан аршылған құнды жәдігерлер де нақтылай түскенге ұқсайды. Демек талай сырды бүккен Қышқаланың байырғы Баршынкент болуы да ғажап емес.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтманбетов

Хабар 24 телеарнасы