383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында мақта жаңа технологиямен егіліп жатыр

  • 233
  • UPD: 23:52, 26.05.2019

Түркістан облысында мақта өнімділігін кем дегенде 3 есеге арттыру көзделіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ол үшін шаруалар бір уақытта 5 жұмысты қатар атқаратын жаңа технологияның көмегіне жүгінбек.

Жаңа техникалар мақта егуде жүздеген жұмысшының орнын алмастырады. Әрі уақытты үнемдейді. Мәселен, дән себетін техника бірден 5 жұмысты қатар атқарады. Бір уақытта топырақты тегістеп, тамшылатып суару түтігін тастап, жерді қыздыру мен арам шөпті өсірмеуге арналған кленканы төсеп, оны топырақпен көміп, тұқымды арнайы құрылғымен жерге егіп кетеді. Енді алажаздай күнге қақталып, кетпен шабатын арыстық диқандардың жұмысын жаңа технология атқарады. Әрі өнім сапасы артып, түсімі көбеймек. Биыл диқандар 200 гектарға егіп көрмек. 

Мадәлі Тәжібаев, жоба жетекшісі:

- Технологияның артықшылығы – өнімділікті көбейту. Мысалы, біздің Қазақстанда 1 гектар жерден 25-30 центнер өнім алсақ, бұл технологиямен 70 центнер, яғни 7-8 тоннаға дейін мақта өнімін ала аламыз. Сонымен қатар суды 5 есеге дейін үнемдейді. 40 пайызға дейін мақта талшығы өнім береді. Ал бізде ол 30-32 пайыздан аспайды.

Жаңа техникалар Қытайдан әкелінген. Құны – 80 млн теңге. Оны жердің иесі бірнеше шаруа қожалықтарынан құралған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшылығы өз қаржысына сатып алған. Ал тамшылатып суаруға арналған құбырлар мен кленкалар инвестордың қаражаты есебінен алыныпты. Ал қажетті су көзі арнайы ұңғыма арқылы жерастынан алынады. Түркістан облысында бұл технология алғаш рет қолданылып отыр.

Ибадулла Үмбетаев, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры:

- Бұл технологияны осы жерде толығымен қолдануға болады. Мақтаарал, Жетісай аудандарының барлығында қолдануға болады. Бұның ең негізгі ерекшелігі – бұл жерде культивация болмайды. Мақтаның арасында, жүйекаралық культивация жүргізілімейді. Осыдан екті ме, бітті, мақта өсіп шығып, піскен кезде ішіне машинамен теріп алады, болды.

Мұнда мақтаның 120-130 күнде пісетін қытайлық сорты егілген. Мамандар ең кемі 55-60 центнерден өнім алуды көздеп отыр. «Ал қытайлар осы технологияның көмегімен әр гектарынан 70 центнерден өнім алады», – дейді. Егер барлығы шаруалардың жоспарлағандай болса, мақта өте бітік шығып, өзіндік құны төмен, пайдасы мол болмақ. Шаруашылық алдағы уақытта егіс көлемін 5 мың гектарға жеткізіп, 500 адамы жұмыспен қамтуды  жоспарлап отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы