383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында биыл 40 мың гектарға жуық алқапқа картоп егіледі

  • 227
  • UPD: 23:51, 26.05.2019

Екінші ас атасы атанған дақылдың басым бөлігі Райымбек және Кеген аудандарында өсіріледі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Хан Тәңірі етегіндегі дала еңбекшілері Еуропадан әкелінген тұқымды жерсіндіре бастаған. Ал кербұлақтық шаруалар өндірістік бағыттағы картоп өсіруді қолға алды.

Дала еңбекшілері үшін қазір нағыз қарбалас шақ. Олар әрбір жайма-шуақ күнді тиімді пайдаланып, дақылдарын егіп үлгеруге тырысып жатыр. Рақымжан Сұрабалдинов басқаратын шаруашылық былтыр 17 гектарға өндірістік бағыттағы картоп отырғызған еді. Биыл оның көлемін 20 гектарға жеткізіп отыр.

Рақымжан Сұрабалдинов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Былтыр бұл сортты Талғардан алғанбыз. Келісімшартқа отырып. Өнімі 200 центнерден алдық. Жаман болған жоқ. Соларға өткізіп, енді бұларға сұраныс көбейіп отыр. Биыл тағы да септік. Енді жылдан-жылға ұлғайтамыз.

Қоғалы – картоп өсірумен аты шыққан аймақ. Екінші нан атанған дақылды осындағы 100-ге жуық шаруашылық егеді. Олар өткен жылы 50 мың тонна өнім алған.  

Жалғас Қатжанов, Кербұлақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Ауданда жалпы 2500 га картоп тұқымы себіледі. Бүгінгі  картоп себу науқаны басталды. 1500 га картоп дақылын септік. Алдағы 10-15 күнде бұны да аяқтаймыз.

Алматы облысында Кербұлақпен қатар Райымбек, Нарынқол аудандарында да картоп көптеп өсіріледі. Аспан тау етегіндегі шаруалар биыл 8 мың гектарға осы дақылды отырғызды. Олар үшін арнайы сервистік дайындау орталығы құрылып, заманауи технологияны пайдалану мүмкіндігі ұсынылып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы