384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да ҰОС ардагерлері мерекелік сыйақыны алмаған

  • 472
  • UPD: 23:51, 26.05.2019

Солтүстік Қазақстан облысында Ұлы Отан соғысының ардагеріне мемлекеттің сыйақысы берілмеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

98 жастағы Таисия Подгайная әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, яғни қарттар үйінде тұрады. «Сондықтан оған Жеңіс күніне арналған төлем қарастырылмаған», – дейді шенеуніктер.

Таисия Подгайная соғыста немістерді аспаннан атқан ұшқыш қыз. Қазір ол 98-де. Соңғы 4 жыл қарттар үйінде төсек тартып жатыр. Ол – облыстағы Жеңіс күні сыйақысыз қалған жалғыз ардагер. Оны естіген адамдар оған ақша жинап берді.  

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 тыл ардагері тұрады. Жеңіс күні олар да назардан тыс қалған. Петр Пукастың өкпесі қара қазандай. Ол 12 жасынан зауытта жұмыс істеп, қан майданға қосалқы бөлшектер жіберген.  

Петр Пукас, тыл ардагері:

- Неше түрлі ой келді. Еңбегімді бағаламаған сияқты көрінді. Газетті оқысам, бәрін құттықтап жатыр. Өкпелеп қалдым. Мәселе ақшада емес, көңілде...

Биыл облыс бойынша 82 соғыс және 681 тыл ардагеріне мемлекеттік төлем төленді. Ол бәріне бірдей берілмейді екен. Оны жауапты мамандар былай түсіндіріп отыр.

Гүлмира Мәулетбаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Әлеуметтік көмек көрсету тәртібіне сәйкес, мемлекеттің толық қамтамасыздандыруындағы ардагерлерге аталмыш төлем төленбейді. Бірақ оларды ешкім ұмытқан жоқ. Бұл адамдарға басқа да көмектер көрсетіледі. 

Мемлекеттің сыйақысынан құр қалған қарияларды естіген ел жұрт бейжай қалмады. Жаны ашыған петропавлдықтар ардагерлерге ақша жинап апарып берді. Ал бір көп балалы ана тәтті торт пісіріп жіберген.

Елена Чернышова, «Экспресс К» газетінің меншікті тілшісі:

- Соғыс ардагерлері арамызда азайып барады. Қазір облыста 82-ақ адам қалды. Жеңіс күні олардың бәрі мемлекеттің сыйақсын алды. Ал осы үйдегі анамыз назардан тыс қалған. Әрине, белгіленген тәртіп бар. Бірақ оны жан дүнием түсінбейді.

Қалалықтардың құттықтауын алған ардагерлердің төбесі көке жетіп, мәз-мейрам болып қалды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы