378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Зеренді демалыс аймағы қарқынды дамиды

  • 217
  • UPD: 08:29, 27.05.2019

Ақмола облысындағы Зеренді демалыс айлағы енді Бурабай курортты аймағы секілді қарқынды дамитын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі өңірде туризмді өркендетудің жол картасы әзірленді. Жалпы құны 28 млрд теңге болатын жобаның аясында жол жөндеу, кәріз құбырларын тарту, демалыс орындарын салу секілді 58 іс-шара қарастырылған.

Зеренді – Бурабай секілді аты әлемге әйгілі болмаса да, табиғаты көркем, тынығуға жайлы, жанында көлі мен тауы бар шағын ғана демалыс аймағы. Қазір мұнда 30 шақты туристік нысан бар. Әрі олардың қатары жыл санап көбейіп келеді.

Кәсіпкер Ақмарал Омарова Зерендіні жаны сүйеді. Айтуынша, бұл жердің ауасының өзі ерекше. «Тылсым табиғаты адамды өзіне еріксіз баурап алады», - дейді. Қазір олар жазғы маусымға қызу дайындық үстінде. Ал келушілердің көңілінен шығу үшін 9 бірдей ағаш үй тұрғызылған.

Ақмарал Омарова, жеке кәсіпкер:

– Біздің бар мақсат-міндетіміз – келушілердің ерекше демалуына жағдай жасау. Ол үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз. Ал мемлекет тарапынан тиісті инфрақұрылым жасалса дейміз.

«Тиісті инфрақұрылым жасалады», - дейді салаға жауаптылар. Яғни жаңа жобаның шеңберінде Зерендінің маңайындағы жолдардың барлығы тегістеліп, кәріз жүйесі тартылады. Ең бастысы, Зерендіден ары Солтүстік Қазақстан облысының Имантау және Айыртау демалыс аймақтарына қарай жаңа жол салынбақ.

Марат Иғали, облыс әкімінің орынбасары:

– «Ауыл – ел бесігі» деген бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен Зерендіге 1 млрд 300 млн теңге бөлеміз деп отырмыз. Жол болса, Ресей жақтан келетін туристер 2 есеге өседі.

Жаңа жобаның ішінде тек жол жөндеу ғана емес, туристерді қызықтыратын түрлі бағдарламалар әзірленген.

Күлия Бексұлтанова, Зеренді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

– Біз қазір туристік бағыттар әзірлеп отырмыз. Мәселен, саяхатшылар Исаковка ауылдық округіне қарасты Әулиебұлаққа, одан әрі Әулиетасқа бара алады. Үлгілі ауылының маңындағы сарқырама да келушілерді қызықтырмай қоймайды. Яғни туристер тек Зерендінің өзіне ғана келіп-кетпей, маңайдағы барлық көрікті және киелі жерлерді аралауға мүмкіндігі бар.

Зеренді облыс орталығы Көкшетау қаласынан 45 шақырым жерде ғана орналасқандықтан, қала тұрғындарының жартысынан астамы тынығу үшін Зерендіні таңдайды екен. Одан бөлек, ресейлік туристер де көптеп келеді.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Жалпы Зерендідегі туристік нысандардың барлығы мына Зерен көлін жағалай орналасқан. Былтыр мұнда тамашалауға 300 мыңға жуық турист келсе, биыл бұр көрсеткіш тағы 100 мың адамға көбейеді, - дейді, мамандар. Ал, алдағы уақытта Зеренді туристік аумағы жылына 500 мың адамды күтуге дайындалуда.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы