378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтар шекара асып демалуы үшін нені ескеруі тиіс?

  • 178
  • UPD: 08:29, 27.05.2019

Былтыр 200-ден аса қазақстандық алаяқ туркомпаниялардың арбауына түсіп, 153 миллион теңгесінен қағылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелге шығып, саяхаттауды қалайтындар тәуекелге бел буып жатқанын түсінуі керек. Мамандар пікірі осыған саяды. Жалпы отандастарымыз шекара асып демалуы үшін нені ескеруі тиіс?

Дамира Ғабдуллина 20 жылдан бері шетелде саяхаттауды дағдыға айналдырған. Осынау хоббиі соңғы 10 жылда оның үлкен бизнесіне айналды. Туристік агенттіктің директоры қазақстандықтардың есте қаларлықтай демалуына жағдай жасап келеді. Өзі ұсынатын мемлекеттерді түгел аралап, сенімділерімен серіктес атанған.

Дамира Ғабдуллина, туристік агенттіктің директоры:

– Туризм де, туристер де жыл сайын өзгеріп келеді. Бұрындары маусым деп жаз бен қысты айтсақ, қазір жыл бойы саяхаттаушылардың қатары үзілмейді. Олар жан-жақты. Мен барлығына сенімді оператормен жұмыс істеуге кеңес беремін. Құжатыңызды тексеріп алыңыз. Виза мен екпенің қажеттілігін анықтап алу керек. Таңдаған мемлекетіңіздің мәдениеті, киім-кешегі, өзін-өзі ұстау ерекшеліктерін екшеп алған ләзім.

Клиенттері Дамираны инстаграм арқылы табады. Оқырмандары оның қызықты саяхаттарынан хабардар. Көз тартар суреттерден шабыт алғандары шетелде демалуға ниет білдіріп жатады. Сұраныс әртүрлі. Ивент туризмге қызығатындары да көп екен.

Дамира Ғабдуллина, туристік агенттіктің директоры:

– Африкаға саяхат жасаушылар көбейіп келеді. Оңтүстік Африка республикасы, Кенияға, Конгоға балаларын алып барады. Арнайы шараларды тамашалауға аттанып жатады. АҚШ-ты сұрайтындар да көбейді. Тіпті Антарктидаға да қызығушылықтары туған. Жапонияға тікелей рейстер ашылайын деп жатыр. Халықтың оны асыға күтетінін білемін.

Иә, шетелге дайындықсыз шығу – тәуекелге бел буу. Елімізде 2016 жылдан бері «Туристік қамқор» корпоративтік қоры жұмыс істейді. Қор сайтында заңды турфирмалар тіркелген. Оларға туркод табысталады. Бұл кепілдік беру жүйесі азаматтардың елге аман-есен оралуын көздейді.

Асылхан Есілов, «Туристік қамқор» корпоративтік қорының директоры:

– Көп адам жолдаманы интернет арқылы алып жатады. Сіздің қауіпсіздігіңіз тек қана өз қолыңызда. Туристік компаниялардан алсаңыз, сізге кепілдік береді. Және міндетті түрде сақтандыру полисін алу керек.

Халықаралық туризм ұйымы алда жүздеген млн адамның дүние жүзін аралауға ынтасы ауатынын болжайды. Қызығушылық артатын елдер тізімі де айрықша.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

– Шетелге барып демалу – бұрындары қиял болып көрінсе, қазір әлемнің есігі әрбірімізге ашық. Басты шарт салықтан берешегіңіз болмасын. Оны егов.кз не мемлекеттік кірістер комитетінің сайтына кіріп, жеке сәйкестендіру нөміріңізді тіркеу арқылы тексере аласыз. Менің қарызым жоқ. Демек, алаңсыз жолға жинала беруіме болады.

Айтпақшы, арнайы код «Туристік қамқор» қорына 0,5 АЕК мөлшерінде жарна салған операторға беріледі. Бұл сома турист үшін төленеді. Ал банктік кепілдеме 12 мен 36 млн теңге аралығында. Оқыс жағдай болса, саяхатшыға қажет көмек қордағы қаржы арқылы өтеледі.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Марат Диханбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы