378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығысқазақстандық кәсіпкерлер өз өндірістерін толықтай автоматтандыруға көшті

  • 192
  • UPD: 14:18, 27.05.2019

Шығыс Қазақстан облысындағы шағын және орта бизнес нысандары өз өндірістерін автоматты жүйеге көшіруге ден қойған, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Өйткені технология заман ағымынан қалыспаған жағдайда ғана кіріс артады», – дейді кәсіпкерлер. Мәселен, Алтай ауданындағы жартылай дайын фабрикаттар шығаратын цех өнімдері бүгінде өз ауданына ғана емес, бүкіл өңірге таныла бастаған.

Жартылай дайын фабрикаттардың түр-түрін шығаратын бұл цехтағы өндіріс толықтай автоматтандырылған. Тек сарымсақ қана қолмен аршылады, басқа жұмыстың барлығы техникаға тәуелді. Аядай ғана кәсіпорында 78 түрлі өнім дайындалады. Кәсіпкер Владимир Дмитриевтің айтуынша, өндірістің автоматты жүйеге ауысуы бұл жерден шығатын тауардың бағасын да біршама төмендетеді. Осыдан 3 жыл бұрын алынған құралдар өз құнын ақтап шықты.

Владимир Дмитриев, кәсіпкер:

– Қазір бір автоматты жаңарту үшін қосымша бөлшектер алсақ па деп ойлап отырмын. Яғни өзге формадағы өнімдер шығаратын барабандар қойса дейміз.

«Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған жеңілдетілген несиенің себі мол», – дейді кәсіп иесі. Соның арқасында цех ішіндегі жабдықтарды жаңартуға мүмкіндік бар. 8 жылдан бері өнімдерді қаптаумен айналысып келе жатқан Ольга Печеневскаяның жұмыс істегенде қолы-қолына тимейді.

Ольга Печеневская, қаптаушы:

– Талай жылдан бері осы жерде істеген соң ба жылдамдыққа әбден қалыптасып алғанмын.Тапсырыс көп болса ,біз де асығамыз. Өнімдер дүкен сөрелеріне тез жетуі тиіс. Біздің табысымыз да соған байланысты.

Жартылай дайын тағамдар облыстың барлық өңіріне тарайды. Тұтынушылардың талғамынан шығу үшін алдын ала әрбір өнімнің дәм-тұзын мамандар тексереді. Тұшпараның 46, мәнті мен хинкалидің 4 түрі одан басқа түрлі салмасы бар самсалар да шығарылады. Осы істің барлығына 20 адам жауапты. 

Ғалия Алпысбаева, Алтай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Кәсіппен айналысушылар саны жыл санап артып келеді. Бұл өлкедегі жұмыссыздықтың азаюына ықпал етіп отыр. Бүгінде аудан бойынша 10 мыңнан астам адам шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп жатыр.

Мұндай шағын кәсіпорындардан түсіп отырған салық мөлшері де аз емес. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллиард 300 миллион теңгеден асып жығылған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Руслан Мухамедьяров

Хабар 24 телеарнасы