389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шардара қаласында мектеп түлектері көп балалы отбасыға пәтер сыйлады

  • 551
  • UPD: 15:27, 27.05.2019

Түркістан облысының Шардара қаласында 2009 жылы мектеп бітірген түлектер көп балалы отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін бұл отбасы пәтер жалдап келген. Олар өздеріне жасалған мұндай тартуға риза болып, шын жүректен алғыстарын білдірді. Рамазан айында жасалған шәкірттерінің сауапты ісіне ұстаздар қауымы да дән риза.

Көп балалы ана Эльмира Жаңбырова дәл осы сәтті көптен бері армандап келген. «Өз баспанамның болатынына басында сенбедім» дейді ол. Үйдің тірегі отағасы барда бірнеше жыл Алматыда тұрыпты. Күйеуі қайтыс болған соң, Шардараға көшіп 2-3 жылдан астам уақыт пәтер жалдап күнелтіп жүрген. Ал мектеп түлектерінің тосын сыйы Эльмираны қатты қуантыпты.

 

Қайырымдылық істі «Шардара» мектеп-лицейін 2008-2009 жылы бітірген түлектері жыл басынан жоспарлапты. Сосын сыныптастар ақылдаса келе, көп балалы отбасын қуантуды ұйғарған.

Досбол Қошқарбаев, «Шардара» мектеп лицейінің түлегі:

– Көп балалы анаға үй алып бердік. Біздің жасап отырған игі шарамызды әрі қарай жас түлектер жалғастырса екен дейміз.

Шардара жастарының игі бастамасын қолдаушылар көп. Дәл осы күні Түлкібас өңірінде де мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер ауылдасына баспана сыйлады. «Бұл ұмытылымас соңғы қоңырау болды» дейді ұстаздар жағы да.

Ақшагүл Бердалиева, Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Оындай іс-шара елді мекендерде де жалғасын тапты. Қ.Тұрысбеков ауыл округіндегі үшемді өмірге алып келген анаға жаңа үйден пәтер сыйға тартылды. Қоссейіт елді мекенінде де сыныптастары баспанасыз жүрген сыныптасына 20 жылдық түлектердің есебінен үй салып беріп, баспаналы етіп жатыр.

Шардара ауданы бойынша биылғы жылы көп балалы отбасыларды қолдауға айрықша көңіл бөлініп отыр. Олардың саны ауданда 6 мыңнан асып жығылады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы