382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркі әлеміндегі маңызды шешімдер Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асты – Я.Топчу

  • 182
  • UPD: 18:45, 27.05.2019

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің мәңгілік құрметті төрағасы атанды.

Жоғарғы мәртебелі атақ Елбасыға түркі елдерінің бірлігі жолында жасаған ерең еңбегі үшін берілді. Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған жасаған ұсынысты Түркі кеңесіне мүше мемлекет басшылары түгелдей қолдап, ел телеарналары мен бұқаралық ақпарат құралдары бір ауыздан Елбасының бұл атаққа лайық екенін жария етті.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлемі тарапынан берілген әрбір атақ пен дәрежеге лайықты тұлға. Түріктің белді саясаткерлері мен қоғамдық қайраткерлері осындай пікірде. Олардың айтуынша, Елбасы туыстас елдердің ынтымақтастығын шыңдап, Түркі кеңесінің беделінің артуына тікелей әсер етті. Түбі бір түркі жұртының барлық салада ауызбіршілігін арттыру жолында маңызды жұмыстар атқарды. Сондай-ақ төрткүл дүниенің қауіпсіздігі мен бейбітшілігіне елеулі үлес қосты.

Ялчын Топчу, Түркия Республикасы Президентінің бас кеңесшісі:

- Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлемде бейбітшілікті нығайту мақсатында елеулі істер атқарды. Ол Түркі әлемі елдерінің арасында қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосты, басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен де ынтымақтастықты арттыру жолында еңбек етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзіне көрсетілген құрметке, Түркі әлемі тарапынан берілген әрбір атағы мен дәрежесіне сай қайраткер. Өйткені түркі әлеміндегі барлық ірі жобалар мен маңызды шешімдер Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асты.

Қазіргі таңда түркі тілдес мемлекеттердің 5 халықаралық ұйымы жұмыс істейді. Олардың төртеуі тікелей елбасымыздың бастамасымен құрылған. Олар, ТҮРКСОЙ, Түркі Кеңесі, Түркі Академиясы, ТүркПА және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры.

1992 жылдан бүгінге дейін өткен 15 Түркітілдес мемлекет басшыларының саммиті ұйымдастырылды. Олардың барлығына түгел қатысқан тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев болды. Мұны барлық түркі жұрты жақсы біледі. Сондықтан Елбасымызға бұл мәртебенің берілуі бекер емес.

Бағдат Әмреев, Түркі Кеңесінің Бас хатшысы:

- Түркі әлемінің Нұрсұлтан Әбішұлының түркі бірлігі үшін жасаған еңбегіне берген жоғарғы бағалауы деп есептейміз. Н.Ә.Назарбаев тек қана халықаралық ұйымдарды құрып ғана қойған жоқ. Сондай-ақ түркі дүниесі үшін үлкен интелектуалдық үлес қосқан адам. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы түркі әлемінің өткені, бүгіні мен болашағына терең ой жүгіртетін тарихи туынды. Меніңше түркі мемлекеттері басшыларының осы шешімі Нұрсұлтан Әбішұлының өткендегі еңбегін бағалап ғана қоймай, сондай-ақ болашақтағы түркі бірлігінің де одан ары жалғасуына үмітпен қабылданған шешім деп ойлаймын.

Жалпы түркі дүниесінде Нұрсұлтан Назарбаевтың орны айырықша. Оны тіпті Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке ұқсатып, ел дамыту стратегиясымен салыстырып жатады. Қазірде Андолы жерінде Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі онға жуық көше мен даңғылға беріліп, ел астанасы Анкараның қақ ортасында ескерткіш орнатылған.

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы