389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда батут аударылған саябақ директоры жұмыстан шығарылды

  • 391
  • UPD: 20:01, 27.05.2019

Қарағанды қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін шаһар басшысы қалалық мәдениет және демалыс саябағының директорын қызметінен босатты.

Сонымен қатар оның орынбасары мен коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жариялады. Айта кету керек, балалар зардап шеккен үрмелі аттракционның қожайыны Абай қаласы өрт сөндіру бөлімінің бұрынғы басшысы екені  анықталды. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, экс-құтқарушы бала өліміне алып келген оқиғадан бес күн бұрын жұмыстан өз еркімен шығып кеткен. Естеріңізге сала кетейік, өткен сенбі күні қатты жел үрмелі батутты ұшырып әкетіп, бір бала қаза тапты, тағы екі оқушы түрлі жарақатпен аурухананың жансақтау бөліміне түскен болатын. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Аттракционның қожайыны уақытша қамау изоляторында отыр. Бүгін қаладағы барлық үрмелі батуттардың жұмысы тоқтатылды. Олар қауіпсіздікке сәйкестік тексерісінен өткізіліп жатыр. Қалалық әкімшіліктің берген мәліметіне сүйенсек, жаз айының басынан бері заңсыз іске қосылған 10 батут тіркелген.

Әлібек Дүйсембеков, қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының м. а:

- Қала бойынша орналасқан батуттарды анықтап, оларды алып тастауға немесе жұмысын тоқтатуға хаттама беретін, тексеретін арнайы жұмыс тобы құрылды. Саябақ басқармасы 13 кәсіпкермен 16 батут қоюға келісім шарт жасаған. Саябақ басқармасының штатында бұл батуттардың жұмысын  қадағалайтын  техникалық қауіпсіздік  инженері бар.

Хабар 24 телеарнасы