378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арал теңізінде САРАТС-2 жобасы бойынша шаралар қолға алынып жатыр

  • 176
  • UPD: 20:33, 27.05.2019

Айдынды Арал алабының құрамы тұзданып барады. Теңіз суын тұщыландыру мақсатында бірқатар гидрошаралар қолға алынып жатыр.

Сырдария өзені Көкарал бөгетінің жанында орналасуына байланысты тұщы су тікелей ұлы теңізге кетіп, Кіші Аралдың солтүстік жағында су айналымы болмай қалған. Мамандар тұздану процесін тоқтату үшін жаңадан үш арна салуды ұсынып отыр.

Сырдария арнасын реттеу және солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының 2-кезеңі 6 компоненттен тұрады. Жарты ғасырға жуық, экологиялық апат шеңгеліне түскен орталық Азияның салқын сабатты айдын суын құтқаруға 25 млрд тг қажет. Жоба аясында Күміскеткен су қоймасы салынып, Қараөзек торабы қайта жаңғыртылады.

Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:

- Күміскеткен контрреттегіш ретінде жұмыс істеу керек. Көктемгі суды алып, қажетті суармалы жерлерге су жеткізу үшін. Ал Қараөзек көлдер жүйесін 60 шақты көлге қажетті суды қамтамасыз ететін су қоры болу керек. Сондықтан осы жобаны іске асыруға Елбасы тапсырма берді, Үкіметте арнайы қаулымен осы жұмыстарға тиісті қаражат жоспарланды.

Бұл ретте Қызылорда су торабы да жаңғыртылады. Сондай-ақ Қармақшы, Қазалы аудандарымен өтетін Сырдарияның қорғаныс бөгеттері бекітіледі. Қазалыдағы Бірлік ауылы маңынан көпір салу және Жалағаш ауданындағы Қорғанша және Тұрымбет аумағында өзен бөгетін нығайту қажет. САРАТС-тың 1-фазасы аясында салынған Көкарал бөгетінің ақаулы тұстарын жөндеу жоспарланып отыр. Нәтижесінде теңізден бөлек көлдер жүйесі де қалыпқа келтіріледі. Қазірдің өзінде аймақтағы 158 көлдің арнасы толды.

Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:

- Судың көлемі үлкейген сайын, балықтың да көлемі ұлғаяды. Ғылыми зерттеу институттары лимит беріп отыр қорына байланысты. Ауланатын балық жылына 7100-7200 тонна лимит береді. Келешек 2-фаза басталса, судың көлемі 2 есеге ұлғаяды деуге мүмкіндігіміз бар. Бұл дегеніміз бүкіл ҚР сапалы Арал балығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз. Ауысқан балықты экспортқа шығаруға мүмкіндіктер болады.   

Кезінде кенезесі кеуіп, 150 шақырымға кетіп қалған су айдыны мен аудан орталығын қазір 17 шақырым жер бөліп тұр. Енді САРАТС-тың 2-фазасы басталуымен теңіз толқыны Арал қаласына жетеді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы