379,60 431.00 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар елордада ет бағасының қымбаттау себебін түсіндірді

  • 181
  • UPD: 14:46, 28.05.2019

Соңғы уақытта еліміздегі базар сөрелерінде әлеуметтік маңыздағы азық-түлік біраз қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мәселен, жыл басынан бері сиыр етінің құны 3,1 процентке өскен. Бұл – Статистика комитеті берген ресми мәлімет. Ал шын мәнінде баға қалай құбылды.

Қазақ дастарханының негізгі дәмі – еттің бағасы неге қымбат? Бүгінде оның келісі қанша? Осы сауалдардың жауабын білу үшін базар бардық, баға білдік. Қарапайым сатып алушы үшін сиыр етінің бір келісі 1600-1650 теңге екен. Алайда камера мен микрофонды шығарғанымыз сол еді, баға бірден 200 теңгеге арзандады. 

Коммуналдық базарда тағы байқағанымыз, сауда орнының біразы қаңырап бос тұр. Себебін сұрадық. Сөйтсек ет тапшы. Ауыл ауылдан келген малдың басым бөлігін делдалдар сатып алады. Сөйіп базар сатушыларына үстеме бағамен ұсынады. Бұл қымбатшылықтың бір себебі. Екінші себебі – елімізде ет экспорты арты. Иран мен Өзбекстан жұрты қазақстандық еттің дәмін татып, сапасына қызықты. Сосын жоғары баға ұсынған. Бұл ішкі нарыққа да әсер ете бастаған. 

Сапархан Омаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

- Егер етті шет елге шығарып сатсақ, оның бағасы қымбат болса, біздегі ет өндірушілерге ол жақсы. Өйткені өздеріңіз білесіздер, бүгінгі күні ауыл шаруашылығын қаржыландыру мәселесі қиын. Екінші деңгейлі банктердің барлығы ауыл шаруашылығын құлықсыз қаржыландырады. Сондықтан егер біздің тауар өндірушілер өздерінің шығарған өнімдерін шет елге қымбаттау сатып, сол үшін ақшаны алып, өнімін ұлғайтатын болса, біз оны қолдаймыз. Ішкі нарықта бағаның көтерілуін айтатын болсақ, бұл жерде шет елдің алу бағасына байланысты. Егер шет елдегілер қымбат алып жатса, бізде де баға көтеріледі.

Дегенмен кей сарапшылар бағаның көтерілуін маусымдық жағдаймен байланыстырады. Өйткені жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілетін кезеңде майлы еттің тапшы болуы заңды құбылыс.

Ербол Есенеев, ҚР «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры: 

- Жыл сайын еттің бағасы көтерілуі байқалады. Әсіресе қыстан шыққан мал жүдеу шығады. Сондықтан оған әсіресе мамыр, маусым айларында еттің бағасының көтерілуі байқалады. Бірақ шілде айынан бастап еттің бағасы тұрақталады. Неге десеңіз, жайылымдағы мал күйін жинайды.

Еттің бағасын тұрақты ұстаудың жалғыз тетігі – мал басын көбейту. Ол үшін шаруаларды субсидиялау механизмі қайта қаралмақ. Сондай-ақ Ветеринария мамандығы бойынша гранттарды ұлғайтып, жайылымдарды құнарландыру мәселесі қолға алынбақ.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы