378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әулиеаталық 45 отбасы еліміздің солтүстік өңіріне қоныс аударды

  • 204
  • UPD: 15:06, 28.05.2019

Биыл Жамбыл облысынан еліміздің солтүстігі мен шығыс аймақтарына 150-ден астам отбасы қоныс аударады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тұрғындарды ынталандыру шараларының арқасында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай өңірлеріне жыл басынан бері 45 отбасы көшкен. Осы мақсатта Таразда кезекті өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы әулиеаталықтарға 1 мың 300-ге жуық жұмыс беруші ұсыныс білдірді.

Өңіраралық жәрмеңкеге жұмыс іздеген жүздеген жамбылдық келді. Қаракөз Әлімбетқызы да жолдасы екеуіне жұмыс қарап жүр. Қостанай өңіріне әулеттерімен бармақ. Жәрмеңкеде мамандардан толық ақпар жинақтап, «соңғы шешімді бүгін дастархан үстінде шешеміз» деп қайтты жас маман.

Қаракөз Әлімбетқызы, Жамбыл ауданының тұрғыны:

- Отбасы мүшелерімізбен көшіп барсақ па деп отырмыз. Көшіп барғанда ақшалай көмек бар. Ең бірінші 80 мың теңге ақшалай көмек көрсетіледі. Одан кейін өздері жұмыспен қамтамасыз етеді. Жұмыспен және отбасымыздың әр мүшесіне 55 мың ақшалай көмек көрсетіледі.

Айя Маратова, Жамбыл ауданының тұрғыны:

- Қазір Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарымен таныстым. Жақсы ұсыныстар беріп отыр. Барғаннан кейін бір жыл үй, коммуналдық қызметті төлеп береді. Жұмыспен міндетті түрде қамтылады. Жолдасым екеуміз де мұғалімбіз. Сондықтан да соған келіп тұрмыз.

Еліміздің Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында мұғалім, медицина, инженерлік және жұмысшы мамандар тапшы. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласына сұраныс жоғары. Шара кезінде жамбылдық жұртшылыққа 5 мыңға жуық бос жұмыс орындары ұсынылды.

Сейдахмет Сейтбеков, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Әлеуметтік пакеттер бар. Яғни үй беріледі. Адам басына 90 мың теңгеден 35 айлықтық есептік көрсеткіш бойынша көтерме жәрдемақы беріледі. Одан бөлек, бір жылға дейін пәтер болмаған жағдайда, бір жыл мемлекет оның жалдап отырған пәтерінің ақшасын төлейді. Отау иесін де, әйел-баласын да жұмыспен қамтиды. Егер ешқандай мамандық жоқ болса, оқытады. Сөйтіп жұмысқа орналастырады.

Өңіраралық бос орындар жәрмеңкесі үш күнге жалғасады. Алғашқы күні 100-ге тарта отбасы көшуге ниет білдірді. Тіпті бірқатары құжаттарын рәсімдеуге де кіріскен. Ертең мамандар аудан, ауылдық округтер мен елді мекендерді аралап, елге түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан

Хабар 24 телеарнасы