378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-ның туроператорлары Қазақстанның тарихи жерлерімен танысты

  • 192
  • UPD: 14:38, 28.05.2019
БҚО-ның туроператорлары Қазақстанның тарихи жерлерімен танысты

Батысқазақстандық туроператорлар еліміздің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін көрнекі орындарды аралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақпараттық турға Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан 12 туристік компания қосылған. Олар әуелі Ақмола облысына ат басын бұрып, өңірдегі демалыс орындар мен тарихи мекендерді аралады. Бурабайға барып, жергілікті туристік компаниялармен B2B форматында кездесулер өткізді. Өзара ынтымақтастық орнатуға уағдаласты. Одан кейін елорданы аралап, маңызды туристік нысандармен танысты. Ақпараттық турға шыққан топтың сапары шырайлы Шымқалада жалғасып, Түркістан облысының қонақжайлығын көрді. Мұндағы шипажайларды тынығып, қызмет сапасының жоғары екеніне көз жеткізді. Енді Алатау баурайындағы Алматының және Шығыс Қазақстан облыстарының туристік әлеуетімен таныспақ.

Гауһар Жеңісбек, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ департамент директоры:

- Туристік компания өкілдерін оңтүстік өңірдің демалыс орындарымен және тарихи жерлерімен таныстырып, қызықтырудағы мақсатымыз орындалды деп ойлаймын. Әрине, барлық кереметін көрсетуге мүмкіндік болмады. Дегенмен мұнда ұсынылған қызмет түрлері басым бөлігін қызықтырды. Алғаш рет келгендер де бар екен. Кейбір туристік компаниялар жергілікті демалыс орындарымен келісім жасасты. Енді олар өз клиенттеріне ел ішін аралауға кеңес бере алады. Өйткені қай жерде қандай қызмет ұсынылатынын, қандай қызық бар екенін өздері көріп өтті.

Хабар 24 телеарнасы