384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда оқушылар қолданыста жоқ жобаларды көпшілікке ұсынды

  • 95
  • UPD: 17:21, 28.05.2019
Ақтауда оқушылар қолданыста жоқ жобаларды көпшілікке ұсынды

Ақтауда стартап жобалар көрмесі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық Ассамблея өткізген шараның ерекшелігі, мектеп оқушыларының өлкеде қолданыста жоқ жобаларды ұсынуында. Мәселен, бастамашыл жеткіншектің бірі өз ауылында түйе жүнінен тоқыма өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорын құруды армандайды. Тағы бірі әуе шарлары арқылы сакральды орындарға туристік саяхат бағытын ашу үшін бизнес-жоспар түзген. Айта кетейік, оларды жүзеге асыруға қажет бастапқы капитал көлемі екі млн теңгеден аспайды. Осы тектес кейбір жобаларға көрмеге қатысқан кәсіпкерлік басқарма өкілдері қызығушылық танытты. Бес бастаманы назарға алып, оны іске қосуға көмектесетіндерін айтып отыр.

Венера Мұстапаева, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:

– Менің ойымша, 2 млн теңге бөле алатын демеушілер табылады. Оқушылар ұсынған әр жобаның өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, Таушық ауылының жеткіншектері баламалы қуат көзін өндіретін нысан ашуға ынталы. Ал ақтаулық өрендер қоқыс өңдейтін цех салғысы келеді. Әрине, олардың бастапқы капиталы не кепілге қоятын мүлкі жоқ. Біз бес бизнес-жобаны назарға алдық. Олардың кем-кетігін түзеткен соң кәсіпкерлерге көрсетеміз. Яғни қаржылай қолдау білдіруге шақырамыз.

Ұлболсын Елубаева, Мұнайлы аудандық №5 орта мектептің оқушысы:

– Шақпақ ата, Шерқала секілді жерлерге туристер жыл сайын көптеп келеді. Олардың әрі қарай да қызығушылығын ояту үшін біз әуе шарлары арқылы туристердің санын көбейтеміз. Маңғыстау өңірінде жел жақсы соғады. Яғни әуе шарлары еркін ұша алады. Осы идея сол арқылы туындады.

Хабар 24 телеарнасы