389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш көбейді

  • 666
  • UPD: 20:37, 28.05.2019

Ақтөбеде атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бергендердің саны 6 мыңға жуықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың жартысынан астамы сәуірден бері мемлекеттік қолдауға ие. Ал арнайы қысқа мерзімді курстардан өтіп, кәсіп ашқан көп балалы аналар көпшілікке үлгі көрсетіп отыр. Осы айда іс бастағандарға берілетін гранттың көлемі де артты.

Төрт баланы бір өзі бағып отырған Махаббат Тезекбаева – атаулы әлеуметтік көмек алатын ақтөбеліктердің бірі. Өткен айдан бері отбасының табысы жәрдемақы есебінен 97 мың теңгеге артты. Ұзақ жылдар бойы алимент пен өзге де азын аулақ кіріспен күнелткен жанұя үшін бұл – үлкен көмек.

Махаббат Тезекбаева, қала тұрғыны:

– Бір ғана құжатты қабылдады. Көп ұзамай, тез түсті. Әр балаға 21 мыңнан алдым. Үйіме кіретін кіріс көбейді. Өте жақсы.

Махаббат бүгінде балаларымен бірге саяжай аумағындағы аядай екі бөлмеде тұрып жатыр. Жуырда ғана арнайы жолдамамен тігіншілік ісін тегін меңгеріп, тұрақты жұмысқа тұрды. Ер жетіп қалған балалары да анасына қолдау көрсетеді.

Оқыту орталығын басқаратын Айнұр Жолдас та – көп балалы ана. Мемлекеттік қолдау іс-шарасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгерген ол басты арманының орындалғанына дән риза. Жеке ісін тұрақты жолға қойған тәжірибелі ұстаз енді білім сапасын арттыруға баса көңіл бөліп жүр.

Айнұр Жолдас, кәсіпкер:

– Өзімнің бизнес жобамды сәтті қорғап, мемлекеттік бағдарлама аясында 100 МРП грант алдым. Бұл қаражат үлкен іс бастауыма себепкер болды. Жалпы бала болашағына салынған капитал ең ірі қайтарымы жоғары капитал деп есептеймін. Мен оған көп балалы ана ретінде көз жеткіздім.

Бүгінде қала бойынша аз қамтылған және көп балалы 3610 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Мамыр айында оның саны тағы да артпақ. Жәрдемақыдан өзге, кәсіп ашқандарға да қолдау көрсетіліп жатыр.

Әсем Медетова, қалалық жұмыспен қамту ортылығының бөлім басшысы:

– Көп балалы аналардың ішінде жұмыс жасамайтындарды мемлекеттік іс-шараға тартып жатырмыз. Яғни бұл – қысқа мерзімді курстар, тұрақты жұмыстар және де қайтарымсыз несиелер. Қайтарымсыз несиелер 2018 жылдан бері 100 айлық есептік көрсеткіш еді, биыл көп балалы аналарға үлкен мүмкіндік. 100-ден 200 МРП-ға дейін көтеріп отыр. Бұл дегеніміз әр анаға 500 мың теңге көмек.

Мамандардың айтуынша, әр отбасына көмек көрсетуде оның кірісі басты назарға алынады. Себебі әлеуметтік қамқорлық масылдықты қалыптастырмау керек дейді олар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы