384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да «Отбасы бизнес» аймақтық бағдарламасы жұмысын бастады

  • 162
БҚО-да «Отбасы бизнес» аймақтық бағдарламасы жұмысын бастады

Батыс Қазақстан облысында «Отбасы бизнес» аймақтық бағдарламасы жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы әлеуметтік бастамаларға қолдау көрсету. Жоба аясында аз қамтылған және көп балалы отбасылар кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізбек. Аймақта жоба қатысушыларын несиелендіру мақсатында қазірдің өзінде 4,5 миллиард теңге бағытталып отыр.

Жобаның таныстырылымы жәрмеңке түрінде ұйымдастырылды. Осы жерде мүдделі азаматтарға гранттар мен жеңілдетілген несиені алудың шарттары түсіндірілді. Аудан кәсіпкерлері өз кезегінде 60 көп балалы отбасыға 2 мыңдай құс балапанын тегін ұсынды. 6 баланың анасы Манат Ермағамбетова қазір «Бастау бизнес» аясындағы курстарға қатысып жүр. Келешекте осы балапандарды өсіріп, жұмыртқа сатуды жолға қоймақ.

Аймақта 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі 200 грантты аз қамтылған және көп балалы отбасыларға беру жоспарланып отыр. Аналардың дені қазірдің өзінде шаштараз, тігін және кондитер ісі бойынша оқып-үйренуде. Жыл соңына дейін тағы 400 грант бөлінеді. Ол кезде грант иелеріне 500 мың теңгеден берілмек. Аймақта 7 мың отбасы, яғни 40 мыңдай адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Басты мақсат – осындай көмекке мұқтаж отбасыларды қаржылай қолдау, олардың өз кәсібін ашуына мүмкіндік беру.

Алтай Көлгінов, облыс әкімі:

– Мысалы, банктерге баратын болса, ол жерде кепілдеме, көп құжат сұрайды, әрі-бері шапқылап қиналып жатады. Біз бір терезе қағидатымен әр ауданда осындай орталық ашып, жеңілдетілген несиені беретін боламыз. Биылға 4 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Ол 1 миллионнан бастап әр отбасының шамасына қарай орташа 8 миллионға дейін шағын несие береді.

Жеңілдетілген несие мен гранттар мүдделі топтардың өз таңдауына орай беріледі. Мысалы, бірі құс өсіруді құп көрсе, енді бірі ұсақ мал сатып алғысы келеді. Ауылдықтар үшін тағы бір жеңілдік несие алу үшін саман кірпіштен салынған үйді де кепілге қоюға мүмкіндік бар. Қазіргі күні бағдарламаға қатысып, оқыту курсынан өтуге мың жарымдай батысқазақстандық өтініш білдірген.    

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы