389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейдегі зауыт жыл соңына дейін 200 автобус құрастыруды көздеп отыр

  • 316
  • UPD: 11:41, 29.05.2019

Елімізде былтырдан бері қоғамдық көліктерді жаңғыртуға бағытталған жаңа бағдарлама жүзеге асып жатыр.

Дәлірек айтқанда жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар  Қазақстанда жасалған техника алған жағдайда оларға жеңілдетілген несие беріледі. Семейдегі автобус құрастыру зауыты биыл жыл соңына дейін 200 автобус құрастыруды жоспарлап отыр. Ол Семей, Өскемен және Тараз қалаларына жөнелтілмек. Зауыт болашақта еліміздің басқа да өңірлерін жаңа көліктермен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Автобус құрастыру зауытында қазір қызу науқан. Мұнда ұзындығы 9 және 6 метрлік жаңа техникалар шығарылып жатыр. Отандық өнімнің қазақстандық мазмұны да 40 процентке жеткен.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Жалпы автобустарға сұраныс артқан сайын жұмыс орындары да көбейеді деген сөз. Жаңа желінің іске қосылуымен мұнда 30 адам жаңадан жұмысқа тұрған. Зауыт соңғы жылдары облыстағы 10 шақты оқу орнымен келісім-шарт жасап, жастарды тәжірибеден өткізу бойынша да жұмыстар атқарып жатқанын айта кету керек.

Семейлік Ілияс Бекзатов оқу орнын тамамдай салып, осында жұмысқа тұрыпты.

«Кәсіпті меңгеріп алдық, отандық автобустарды өз қолымызбен құрастырып жатқанымызды мақтан тұтамыз»,- дейді ол.

Ілияс Бекзатов, құрастырушы:

- Менің өзімнің міндетім – осы автобустарға қала тұрғындары, яғни жолаушылар кіретін есіктерді алдымен жеке құрастыру, одан кейін автобустарға орналастырып, олардың ашылу-жабылу механизмдерін орналастыру. Осы автобустар біздің зауыттан шыққанына біздің өзіміз өте қуаныштымыз. Себебі өзіміздің отандық өнім біздің Семей қаласында жаңа автобустар қызмет етіп отыр. Және бұйырса, Қазақстанның басқа да қалаларына ары қарай жіберіледі деген ойдамын.

Әсемхан Досқожанов, кәсіпорынның бас директоры:

- Бұрын біз Ресейден, қытайдан әкелетінбіз осындай автобустарды. 500 автобус кіретін Қазақстанға. Енді осы 500 автобусты Семей қаласында шығарамыз деген ойымыз бар. Біздің Үкімет осыны шығарды, ақша береді автобус парктеріне. Олар Үкіметтен ақша алып, бізден отандық өнімді алуға тиісті.

Алдағы уақытта зауыт өнімдері Үкіметтік «Қоғамдық көліктерді жаңалау» бағдарламасына сәйкес Батыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстарына да жеткізіледі деген жоспар бар. Тапсырыс көбейсе, кәсіпорында тағы 30 адамға жұмыс орны ашылмақ. Бұдан бөлек, отандық сапалы өнімге Ресейдің көршілес Алтай өлкесі мен Новосібір облыстары да қызығушылық білдіріп отыр екен. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы