389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баспасөзге шолу. «Кіндік шеше» деген кім?

  • 313
  • UPD: 12:07, 29.05.2019

Осы тақырып «Сыр бойы» газетінің кезекті санында қаузалды. Автор ырымдардың қолданылу аясын, салтымыз бен дәстүріміздің жауапкершілігін, берер тәлімін терең түсінбеуден туындайтын түйіткілдерді тілге тиек етеді.

Ол аздай, кіндік шешенің қадірі қашқан уақытта  үрдісіміз мен  салтымызға «кіндік әке» деген термин енді. Әлеу­меттік желіні ашсаңыз болды жастардың дені «менің кіндік балам» деп суреттерін сырғытып жүктеп жатады. Араларында тіпті үйленбеген жігіттер де кіндік әке атанып жатыр. Жақын жора-жолдастарының арасынан таңдап алынған бұл «әке» де аз-маз сыйлық жасағанына мәз. Балаға әкесі мен шешесіндей қарап тәрбиелеу, бағыт-бағдар беру, сырласындай болу секілді артылатын жауапкершілікке мән беріп жатқан ешкім жоқ. 

Амстердам үкіметінің мәлімдеуінше, 2030 жылы бензинмен жүретін және дизель машиналар мен мотоциклдер қалаға кіргізілмейді. Келесі жылдан бастап 15 жыл жүрген дизель ескі көліктерге қаланың айналма жолымен жүруге де тыйым салынады. Бұл туралы «Жаңақорған тынысы» газеті хабарлады. 

Қазірдің өзінде Шанхайда тек қана электрлі скутерлер ағылып жатыр.Көптеген сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі автокөлік өнеркәсібінде сұраныс жоғары болғандықтан, электромобилге жаппай бетбұрыс жасау байқалады. Сарапшылар әлемдегі барлық жаңа көліктердің 40%, ал 2050 жылдары 100% электрге көшеді деген болжам жасап отыр. 

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде облыстың агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейін дамуының Агрокартасы әзірленді. Қызылорда облысының экспорттық әлеуеті сараланған көлемді мақаланы «Қармақшы таңы» газетінен оқи аласыздар.

Нәтижесінде өткен жылдары 84,6 мың тонна күріш сырт елдерге экспортталған. Күріш экспорты 61 процентке, жалпы ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау 60 процентке артқан. Агрокарта аясында жылдам дамытуды қажет ететін салалар және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін 2020 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолы айқындалған.

Биыл 143 089 түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басты. Сыңғырлаған қоңырау үні 11-сынып оқу­­­шы­лары үшін бұл күні соң­ғы рет соғылады. Осы ретте «Айқын» газеті бүгінде бәсекеге айналған мектеп бітіру кештеріне қатысты мынадай қызықты деректерді  оқырман назарына ұсынды.

Бір қуантқаны, биылғы түлек­тердің біразы мектеп бітіру ке­шіндегі даңғазадан бас тартып отыр. Оған қоса өзге қатарлас­тарын да шақырып, видеоүндеу жолдағандар бар. Мысалы, Алма­ты облысы Талғар ауданы Бірлік ауылындағы №35 мектеп-гимна­зия­сының, Текелі қаласы №4 мектебінің, Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының кей мек­теп­те­рінің 11-сынып оқушылары басы артық шығынның қажеті жоқ деп бейнеролик жүктеген. Жыл сайын ата-аналардың қалта­сына ауыр­лық түсіретін бұл жайт­тың жаңғырығы осылайша бәсең­деп келеді.

Сан ақынның отты жырына арқау болған көгілдір Көкшеде үзіліп түскен моншақтай мөлдіреген көл көп-ақ. Бүгінде Көкшетау мен Қараөткелдің кең даласын жайлаған өлкеде ұзын-ырғасы 524 көл бар екен,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Осы су айдындарының тазалығына қатысты бірқатар мәселе айтулы мақалада көтерілді. 

Мәселен, облыс орталығынан таяқтастам жердегі Шағалалы су қоймасы жаз бойы қала тұрғындарының суға түсіп масайрап, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта жандары сая тауып шомылып, балық аулайтын жері. Негізінен бұл жерден облыс орталығының тұрғындары су ішіп отыр. Әйтсе де, ереже атаулыны есінен шығарып, көлік жуатындар да, иттерін шомылдыратындар да кездеседі.

Хабар 24 телеарнасы