383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысы 331 млн доллардың ауылшаруашылық өнімін экспорттайды

  • 172
  • UPD: 16:02, 29.05.2019

Былтыр Түркістан облысы 220 млн доллар болатын 1,4 млн тоннаның ауыл шаруашылығы өнімін экспортқа шығарған.

Оның 57 пайызы, яғни 820 мың тоннасы кедендік одақ елдеріне жөнелтілген. Ал биылғы жылғы жоспар қандай? Аймақтағы тауар өндірушілердің өнімін экспортқа шығаруда кедергілер бар ма? Облыста қандай тауарлар сұранысқа ие? 

Оңтүстікте түгін тартса май шығатын топырағы құнарлы, шаруаға жайлы мекен. Жер еміп, жеміс теріп өскен өңірдің еңбектеген баладан еңкейген кәрісіне дейін еңбексүйгіш. Күн өзге аймақтарға қарағанда ерте жылынатындықтан, мұндағы шаруалар да ерте қамданады. Мәселен, қазір жетісайлық бағбандар өрік бауынан алғашқы өнім алуда. Атамекен ауылдық округінде орналасқан қарқынды бау шаруашылығы 30 гектар өрік алқабының әр гектарынан 20 тоннадан өнім жинауды жоспарлап отыр. Оның 70 пайызын сыртқа жөнелтсе, қалғаны ішкі нарықты қамтамасыз етеді.

Сабыржан Беков, бағбан:

- Өрікті Ресейге жібереміз. Қазір жинап, жәшіктерге салып жатырмыз. Өздері келіп алып кетеді. Пісіп кетсе жолға жарамайды. Біз қазір көктеу кезінде аламыз, ол жетемін дегенше өз қалпына келіп, піседі. Ресейліктер біз дайындаған соң келіп, алақап басынан кг 500-ден алып кетеді.

Серіктестіктің жалпы көлемі 500 гектар қарқынды бауы бар. Оның 90 гектары алма, 110 гектары жүзім, 30 гектары өрік, 168 гектары шабдалы, қалғанын шие, анар, көк өрік тағы басқа жеміс-жидектер құрайды. Негізінен Қазақстанға жеміс-жидек түрлері көбіне шетелден тасымалданады. Бұл бау - сол олқылықтың орнын толтыруға аз да болса сеп болмақ. Сондай-ақ Жетісайлық диқандар алғашқы 120 тонна қауынды көршілеc Ресейге жөнелтіп үлгерді. Алдағы бірер күнде алғашқы қарбыздар да кедендік одақ елдеріне жөнелтіледі. Жалпы оңтүстіктің көкөнісі мен жеміс-жидегіне және мақтасына кедендік одаққа мүше мемлекеттер тарапынан сұраныс көп. Мәселен, өткен жылы облыс диқандары 220 млн АҚШ доллары болатын 1,4 млн тоннаның ауыл шаруашылығы өнімін экспортқа шығарған. Оның 57 пайызы, яғни 820 мың тоннасы кедендік одақ елдеріне жөнелтілген. Ал биылғы жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 331 млн АҚШ долларына жеткізу көзделіп отыр. Жыл басынан бері өңірдің шаруалары 60 млн АҚШ доллары болатын 120 мың тонна өнімді шетел асырып, үлгерген.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Ет өнімдерін экспорттау жыл сайын артып отыр. Былтырғы жылы алғаш рет  Түркістан облысы ет өнімі экспортына шығарылып, республикада ет өнімінің 50-н өндірді. Нәтижесінде 9 мың тоннадан астам ет өнімі Өзбекстан, Кувейт, Біріккен араб Әмірліктеріне, Иранға жөнелтілді. Биыл 5 мың тонна ет экспорттау тапсырылса, қазірдің өзінде 4700 тонна ет көрші елдерге шығарылды.

Жалпы Түркістан облысында 80-ге жуық кәсіпорын экспорттаушы тізіміне еніп отыр. Айта кетейік, кедендік одақ елдері арасында өнімдерді экспортқа шығару бойынша бірыңғай талап бекітілген. «Сондықтан тауар өндірушілерге қолбайлау болатындай кедергі жоқ. Қайта біздің кәсіпкерлерге өнімін экспортқа шығаруға көптеген мүмкіндік беріп отыр»,-дейді облыстағы жауаптылар.

Жандос Жұмабек, тілші:

-Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, өңірде ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге арттыру көзделген. Яғни ауыл шаруашылығы өнімін 1 млн 700 мың тоннадан 2022 жылға қарай 4 млн 100 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы