389,60 428,03 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде қағаз өндіретін кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі

  • 407
  • UPD: 15:35, 29.05.2019

Елімізде өндірістік қарасорадан қағаз шығару мәселесі көптен айтылып келеді. Әзірге жан-жақты зерттеліп, тәжірбие жүргізіліп жатыр.

Қағаз жасауға шикізат пен целлюлоза жетпегеннен кейін кәсіпкерлер сырттан тасуға мәжбүр. Осы және өзге де мәселелер «Қазақстан республикасында целлюлоза қағаз өнеркәсібін және қаптама индустриясын дамыту» тақырыбымен өткен форумда талқыланды.

Ақсәуле Байменшина , тілші:

- Қағаздан түрлі бұйымдар шығаратын мына компания шикізатты Ресейден алады. Себебі өз елімізде қағаз өндіретін кәсіпорындар аз. Шикізат тапшы.

Тапшы болатыны түсінікті. Елімізде қағаз өндіруге жететіндей орман қоры жоқ. Көкті көбейте алмай жатқанда, қағаз тапшылығы кәдімгідей сезіледі. Экологтар болса, қоршаған ортаға зияны аз, тез шіріп кететін қағаз пакеттерді пайдалануға шақырады. Полиэтиленнен келетін зиян көп. Қарағандылық мына кәсіпорын бірнеше жылдан бері қағаз бұйымдарын шығарады. Басшысының айтуынша, сұраныс көп екен. Әсіресе, елордадан тапсырыс жиі түседі.

Ольга Кондратова , кәсіпорынның өңірлік директоры:

- Біз 15 жылдан бері осы нарықтамыз. Алғашында шағын полиграфия болып ашылдық. Кейін, кәсіпті кеңейтіп, қағаз бұйымдарын жасайтын болдық. Мысалы, пакет жасау үшін дайын қағазды Ресейден аламыз. Өзімізде шығарылса, алыстан тасымас едік.

Елде қағаз жетпей жатқаннан кейін екі жыл сыртқа макулатура шығаруға тыйым салынды. Қағазды көршілес Ресейге сатып келген кәсіпкерлер шығынға баттық деп шағым айтты. Форумға қатысушылар болса, «тиым салынғаннан кейін, қағаз бұйымдарын жасайтын кәсіпорындардың ісі ілгері басты» деп отыр. Ендігі мақсат-өзімізде шикізат дайындау. Ағаш қоры жетпесе, оны алмастыратын есірткілік емес өндірістік қарасора өсіру керек-дейді мамандар. Одан бөлек, макулатура қабылдайтын орындарды көбейту қажет. 

Асқар Сағиданов, ҚР ИИД Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің басқарма басшысы:

- Былтыр 58 млрд теңгеге өнім өндірілді. Ол енді әртүрлі болады. Қағаздың өніміне байланысты. Таблетканың сыртын қаптайтын қаптаманы дайындау үшін целлюлоза керек. Жәй, макулатура оған жарамайды. Бізде целлюлоза жоқ қой. Бізде ағаш өскенмен, ондай жоқ.

Бүгінгі таңда кеңсеге арналған қағаз импортының өзі 100 млн доллар болады. Қазақстанның қағазы шыққанша сырттан таситынымыз анық. Ал мемлекет қағаз өндірісімен айналысып отырған азғантай кәсіпорындарды қолдауды жалғастырады. Түрлі бағадарламалар арқылы жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі мол.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы