389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда арнайы жасаққа қабылданатын азаматтарға қойылатын талап жоғары

  • 550
  • UPD: 23:17, 29.05.2019
Ақтауда арнайы жасаққа қабылданатын азаматтарға қойылатын талап жоғары

Маңғыстау облысындағы жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері биыл 5 айда 31 қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ондаған адамды қауіптен құтқарды.

Кез келген уақытта басын қатерге тігетін бұл жігіттерді бейбіт заманның нағыз батырлары деуге болады. Лаңкестік шабуылға да, мұздай қаруланған қылмыскерлерді ұстауға да бірінші болып жететін осы жасақ.

Жауынгерлік рухты көтеріп, төзімділікке шыңдалу үшін арнайы жасақ жігіттері айына бір рет сайын далаға аттанады. Салмағы 25 келі болатын жүкпен 70 шақырым жерді жүгіріп өтеді. Шартты операцияларды жүзеге асырып, жараланғандарды құтқарады.

Бұл жасақ ең қауіпті жерлерде әрекет етеді. Жуырда ғана қызды қорлап, Атырауға қашып кеткен бір топ қаскөйді ұстап әкелді. Ал 2010 жылы Ақтаудағы түрмеден қашқан қауіпті қылмыскерді ұстауға атсалысқан.

Арнайы жасақ қызметкерлерінің әр сапары қауіпті. Ел тыныштығы үшін бастарын өлімге тігеді. Оқиға орнына аттанбас бұрын «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың портреті алдында қаруланып, киінуді әдетке айналдырған. «Батыр ағамыздың суретін көріп, ерлігін оқыған сайын жігерлене түсеміз», – дейді олар.

Арнайы жасақ қызметкерлері бір тәулік еңбек етіп, бір күн демалады. Заңды демалыстарының өзін жаттығу залында өткізеді. Жігіттердің барлығы кәсіби спортпен шұғылданады. Бокстан Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Берік Әбдрахманов та осы жасақтың белді мүшесі.

Берік Әбдірахманов, облыстық полицияның арнайы жасақ инспекторы, Олимпиада ойындарының қатысушысы:

- Маңғыстау облыстық Полиция департаментінде 2014 жылдан бері еңбек етіп келемін. Өзіміздің қызметкерлерді күніне 2-3 сағат дайындаймыз. Осында күрес бар, т.б. спорт түрлері. Мен өзім білетін бокстан қолымнан келгенше көмегімді беремін.

Арнайы жасақ – мемлекеттің әскери қуатының ғана емес, экономикалық һәм әлеуметтік дамуының да жинақталған көрінісі. Ел ішіндегі тыныштық пен тұрақтылықты кірпік қақпай қорғайтын жауынгерлерге артылған жауапкершілік ерен. Сондықтан да бұл жасаққа қабылданатын азаматтарға қойылатын талап жоғары. Қара берет кию үшін бойы 1 метр 78 сантиметрден кем болмауы тиіс.

Төренияз Азизаев, облыстық полицияның арнайы жасақ инспекторы:

- Келушілерге қойылатын басты талап, біріншіден, спорттық дәрежесі болуы керек. Барлық жағынан төзімді болуы керек, қиындыққа шыдамды болуы керек. Жоғары білімді азаматтар болуы тиіс. Сонымен қатар 25 пен 35 жас аралығындағы жас қызметкерлер, спортқа бейім қызметкерлер алынады.

Арқаға түсер жүктің жеңіл болмайтынын білсе де, талай жас арнаулы жасақтың сапында қызмет етуге талпынады. Бүгінде мұнда ниеттенгендердің саны көп. Бір орынға 5 адамнан келеді. Отанын шын сүйетін, елдің тыныштығы, шекараның бүтіндігі үшін қалтқысыз қызмет етуге даяр азаматтар қатарының артқаны қуантады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы